«Ұлттық музейге сый тарту»
Қазақстанның әр қаласында өтіп келе жатқан республикалық акция аясында халқымыздың саяси-әлеуметтік және рухани-мәдени өміріне өлшеусіз үлес қосқан танымал тұлғалардың ұрпақтары көздің қарашығындай сақтап келген дүниелер музей қорына тапсырылуда. Шара Қостанайда жалғасты.
Барлық сый-тартулар құжат бойынша ресми рәсімделіп, келісім-шарт негізінде Ұлттық музейдің қорына өткізілді. Желтоқсан айына дейін жалғасатын акцияны сый-тартулар көрмесі қорытындылайды.
– Қоғамда музейдің алатын рөлі ерекше. Музей – кешегі тарих, бүгінгі ғылыми-зерттеу орталығы, ертеңгі – болашақ. Қазақстанда музейлердің дамуына қандай көңіл бөлініп жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Мен басқаратын Ұлттық музей қазіргі таңда Орталық Азиядағы ең үлкен музейлердің бірі болып есептеледі. Біз сөзден іске көшіп Ұлттық музейдің қорын толықтыру арқылы тарихымызды түгендеуде нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Акция осы мақсатта ұйымдастырылып отыр. Жұрттың сандығы мен шкафында, шатыры мен жертөлесінде әлі ашылмаған, ғылыми айналымға түспеген небір құнды жәдігерлер тұр. Оны «бабамның бабасының көзі» деп, ешкімге айтпай, көрсетпей ұстау арқылы сақтаймыз деп ойлайды. Кез-келген зат биологиялық өзгерістердің салдарынан жылдан-жылға жойыла береді. Жәдігердің бүтін қалпын тек бірнеше ұрпағы ғана көруі мүмкін. Әркім өз отбасындағы қадірлі бұйым туралы ойланып көрсінші, соның көбі жоғалған, жойылған немесе қолды болған. Сондықтан кез-келген мұра музейде сақталуы керек, – деді Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай.
Дархан Қамзабекұлы қазан айында Қостанайға «Алтын адам» келетінін жеткізді. Әрине, астықты аймақ халқы үшін бұл ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай тамаша сыйлық болары сөзсіз.
Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов жиында сөйлеген сөзінде Ұлттық музейдің мәртебесі қордағы экспонаттардың құндылығымен, сиректігімен ерекшеленетіндігін атап көрсетіп, жұртты бұл шараға бір кісідей атсалысуға шақырды.
Музейге тапсырылған зат ауа, ылғал, шаң-тозаң, күннің көзі, электр жарығы секілді шіруге, бүлінуге, жойылуға ықпал ететін құбылыстардың бәрінен сақтандырылады. Осылайша, арнайы күтімдегі жәдігер ұрпақтан ұрпаққа жетеді.
Акция барысында Қостанайдан барлығы 198 экспонат өткізді. Олардың арасында академик Манаш Қозыбаевтың, атақты механизатор Кәмшат Дөненбаеваның тұтынған бұйымдары, ақын Мәриам Хәкімжанованың қаламсабы мен кітабы, Халық ақыны Әсия Беркенованың домбырасы Ұлттық музейдің төрінде тұратын болды.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков.