«Еңбек Даңқы кітабы» Қостанай ауданына табысталды
Облыстың 80-жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен «Еңбек даңқы кітабы» өңірлерге аттанған. Бұл жинақта әр өңірдің Қостанай облысын дамытуға қосқан үлесі туралы жазылады. Осы аптада «Еңбек даңқы» кітабы Федоров ауданына аялдады.
Мәдени-көпшілік шара алдында құжаттар және сурет материалдарының көрмесі көрсетілді. Ондағы құнды құжаттар мен сирек кездесетін фотосуреттер – «Федоров ауылының тарихы», «Отбасы әулеті», «Менім өлкем – Қостанай»тәрізді бірнеше топтамаларға бөлінген. Мұны әзірлеген Федоров аудандық мұрағатының қызметкерлері өңірде тұратын айтулы тұлғалардың еңбектері туралы тақырыптық экспозиция жасалды.
Салтанатты рәсім Федоров ауданының еңбек ардагерлері туралы түсірілген «Тихая моя Родина» атты деректі фильмнен басталды. Аудандық мәдениет үйінде Даңқ кітабын салтанатты түрде табыстау «Беркут» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Василий Бубликке және «Сұлу жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Василий Иванькоға ұсынылды. Бұлар ауданда ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, еңбек озаты атанған жандар.
Жалпы, «Еңбек даңқы кітабына» Федоров ауданы бойынша 133 еңбек ардагері, төрт бірдей еңбеккер әулеті енгізілген. Ерен еңбегінің арқасында жерін, елін көтеруге ат салысқан азаматтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін олардың есімдері еленіп, еңбек кітабына енгізілді.
Салтанатты рәсімде сөз алып, бұл шараның мәні мен маңызына айрықша тоқталған Федоров ауданының әкімі Қайрат Ахметов пен аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Александр Аслиев «Даңқы кітабын» Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Көпжасаров және Қостанай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Надежда Мураеваға табыс етті.
Мерекелік іс шараға Қостанай облысының құрметті азаматы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкіұлы, облыс әкімдігінің мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Қалмақов, Қостанай қызмет көрсету саласы колледжінің директоры, профессор Жанділда Мақановтар қатысты.
Аудандық мәдениет үйінде ән-бимен көмкерілген шара көңілді бір серпілтіп тастады. Даңқ кітабы осылай зор қошеметпен Қостанай ауданына жол тартты.
Әлібек ЫБЫРАЙ