Ырғыздан Ыбырай еліне
Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің ұжымы Тобыл өңіріне сапарлап келді. "Ұрпақ тәрбисесі – ұлт болашағы" атты тәжірибе алмасу іс-шарасы аясында меймандар облыс орталығындағы білім ошақтарында, музейлерде болып, ұлы ағартушының кесенесіне зиярат етіп, қаладағы ескерткішіне тағзым жасауды мақсат еткен.

Ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсарин тек Торғай даласында мектеп ашумен шектелмей, Ақтөбе өңірінде де зайырлы мектептердің негізін қалады. Ыбырай салған сара жол жалғасын тауып, Қостанай мен Ақтөбе облыстарының мәдени-рухани байланысы үзілмей келеді. Жыл сайын бірлескен игі бастамалар мен ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.
Осы жолғы іс-шараның да жөні бөлек. Мақсат – қоғам қайраткері, ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмір жолын насихаттау. Мәдени-рухани байланысты бекіте түсу, іс-тәжірибе алмасу.

Ақтөбелік қонақтар қатарында Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Айбек Алданов пен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, белгілі журналист, ыбырайтанушы Рақымжан Өтеміс бар.



Іссапар барысында қонақтар Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа барып, ынтымақтастық меморандумына қол қойды, ашық сабақтарға, түрлі тақырыптардағы коучингтерге қатысып, үйірмелердің жұмысымен, әр алуан жобалармен танысты. Сондай-ақ, ұлы ағартушының ақшаңқан кесенесіне барып, баба аруағына зиярат етті.