Халықтың ықыласы оянды
Бұлай дейтін себебіміз, тұрғындар арасында коммуналдық құрылымның жаңалығына күмәндана қарағандар табылған-тын. Себебі, тың істің мән-жайын түсінбегендер кездесті. Бұл шара – мемлекет қамқорлығының белгісі. Айта кетейік, мұнан үш жыл бұрын -2011 -2020 жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту туралы бағдарлама қабылданды. Мақсаты ұзақ жылдар бойы жөнделмеген баспаналарды қалпына келтіру еді.
Қазіргі оқырман экономикаға байланысты мәселелерді сөз еткенде, статистикалық мәліметтермен дәлелдеуді қалайды. Сол талапқа жүгінсек, үш жылда Қостанай да қырық көпқабатты үй күрделіжөнделіпті. Оған 706,5 миллион теңге жұмсалды. Алғашқы жылда бірінші және екінші механизммен үш жүз миллион теңгеден астам қаржы игерілді. Жөнделген үй саны – он екі.
Келесі жылы "Тобыл" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 138,7 миллион теңге жұмсалды. Алдындағы жылмен салыстырғанда екі үй артық, яғни, он төрт үй қалпына келтірілді.
Өткен жылы кері қайтарылған қаражатпен "ЖКХ -жөндеу" серіктестігі арқылы 207,2 миллион теңге ақша бөлінді.
Үстіміздегі жылғы жұмыс көлемі ауқымды. Он сегіз көпқабатты үй екі кезеңмен 323,5 миллион теңгемен жөнделмек. Атқарылатын жұмыстарға келсек, бұлар –үйлердің төбесін, подъездерді, үйлердің жертөле қабатын жөндеу және басқалары. Сонымен қатар тоғыз жылу есептегіш құрал орнатылады.
Бірінші кезеңге бөлінген 173,1 миллион теңгеге он бір үй жөнделеді. Бүгінде он келісім-шарт бекітіліп, атап көрсетілген мекен жайдағы баспаналар қалпына келтірілуде.
Айта кету керек, келісім-шарт жасауға ықылассыздар әлі де кездеседі. Мәселен, Дзержинский көшесіндегі № 39 үйдің тұрғындарының пікірі түрліше. Сол себептен, үйдің төбесін жөндеуге қаражат бөлінбеді.
Сөзімізді жалғастырсақ, келесі кезеңде жеті үйді қалпына келтіру межеленуде. Бөлінген бір жүз елу миллион теңге қаражатпен ауқымды істер атқарылмақ.
Жергілікті билік өкілдері мен мәслихат депутаттарынан құрылған топтың үгіт жұмыстарын тыңғылықты жүргізуінің нәтижесінде, бағдарламаға сене қоймаған кісілердің бетін бері қарату мүмкін болған. Билік пен тұрғындардың тіл табысуының арқасында, бағдарлама барынша жүзеге асырылуда.