Әдістеменің мақсаты – өзін-өзі еңбекпен қамтығандарды айқындау
Елбасының "Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам" баяндамасында: "Жұмысы бар халықтың үштен бір бөлігін өзін-өзі еңбекпен қамтығандар" дейтін топтар құрайды. Алайда олардың санын анықтау тәсілі шартты ғана" делінген. Бүгінде өзін-өзі еңбекпен қамтыған халықты нақты экономикаға қосуға бағытталған шараларды жүзеге асырудың маңызы зор екені атап өтілді.
Қазақстанда халықтың жұмыспен қамтылуына зерттеу 2001 жылдан бері тоқсан сайын жүргізіледі, онда 15 жас және одан жоғары жастағы 75 мыңға жуық адам зерттеледі. Зерттеумен елдегі барлық өңірлер қамтылған. Жұмыспен қамтылу мәртебесінің Халықаралық жіктемесіне (ICSЕ-1993) сәйкес жұмыспен қамтылғандар жалдамалы (ақы төленетін) қызметкерлерге және өз бетінше жұмыспен қамтылғандарға жіктеледі. Жалдамалы қызметкерлерге ақы төлеуді сыйақы түрінде көздейтін жалдау шарты бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер жатқызылады. Өз бетінше жұмыспен қамтылғандар – жалдау бойынша жұмыспен қамтылғандар.
Өзін-өзі еңбекпен қамтығандарды бірнеше топқа бөлуге болады: жұмыс берушілер, өз бетінше жұмыс істейтін қызметкерлер, отбасылы кәсіпорындарының ақы төленбейтін қызметкерлері және кооператив мүшелері. Жұмыс берушілерге қандай да бір экономикалық қызметтің түрінде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын және тұрақты негізде бір немесе одан да көп қызметкерлердің жалдамалы еңбегін қолданатын тұлғалар жатады. Өзін-өзі еңбекпен қамтығандар экономикалық қызметтің қандай да бір түрін жүзеге асыратын және қызметкерлерді тұрақты негізде жалдамайтын тұлғалар. Отбасылы кәсіпорындардың ақы төленбейтін қызметкерлері -бұл табысты ішкі отбасылық негізде бөлу негізінде өзінің сыйақысын жалақы түрінде алатын отбасылық кәсіпорынның қызметкерлері. Кооператив мүшелеріне кәсіпкерлік қызметпен айналысатын еңбек кооперативінің мүшесі болып табылатын тұлғалар жатқызылады.
Қазақстанда 2013 жылғы 4 тоқсандағы халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу сауалнамасының қорытындысы негізінде өз бетінше жұмыспен қамтылған халықтың саны 2596,0 мың адамды құрады (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 30,3%), соның ішінде жұмыс берушілер -160,7 мың адам, өз бетінше жұмыс істейтін қызметкерлер -2388,3 мың адам, отбасы кәсіпорнының көмекші қызметкерлері – 32,2 мың адам, кооператив мүшелері – 14,8 мың адам.
"Өзін-өзі еңбекпен қамтығандар" санатындағы негізгі үлесті "өз бетінше жұмыс істейтін қызметкерлер" (92%), құрайды. Өз бетінше ауыл шаруашылығында – 1362,0 мың адам (52,5%), бөлшек саудада – 674,9 мың адам (26,0%) және халыққа әртүлі қызмет көрсетуде (көліктік, денсаулық сақтау, білім беру және т.б) – 599,1 мың адам (21,5%) қызметін жүзеге асырады. Халықтың жұмыспен қамтылуын зерттеудің нәтижесі бойынша орташа алғанда бір өз бетінше жұмыспен қамтылған қызметкер аптасында 35 сағат жұмыс істейтінін көрсетеді (2010 – 31 сағат).
Елбасының "Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам" баяндамасындағы өзін-өзі еңбекпен қамтыған халықты айқындау жөнінде тапсырысқа сәйкес 2013 жылы ҚР Статистика агенттігі, ЕМ, ЭБЖМ, ӨДМ және АІІІМ бірлесіп Қазақстан Республикасындағы өз бетінше жұмыспен қамтылғандар санын, олардың орташа айлық табыстарының деңгейін және жұмыссыз халықтың санын анықтаудың жаңа әдістемесін бекітті.
Әдістеменің негізгі мақсаты болып нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту үшін тұлғалар санатын анықтауға мүмкіндік беретін, сонымен қатар "Жұмыспен қамту-2020" механизмі арқылы, сондай-ақ оларды нысандандыру бойынша іс-шараларды жүзеге асыру және зейнетақы жүйесімен қамту және әлеуметтік сақтандыру үшін өз бетінше жұмыспен қамтылған халықтың құрылымын қалыптастыру болып табылады.
Жаңа Әдістемеге сәйкес Қазақстанда барлық өз бетінше жұмыспен қамтылған тұлғалар жұмыспен нәтижелі және нәтижесіз қамтылғандар болып 2 топқа бөлінеді.
Топқа бөлу кезінде негізгі өлшем тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өндіруден алынатын орташа айлық табыс деңгейі болып табылады. Қазақстанның әр өңірінде қалыптасқан ең төменгі күнкөріс мөлшерімен ара қатынасы белгіленген. Бұл ретте орташа айлық табыс Қазақстанның әр өңірінде қалыптасқан ең төменгі күнкөріс мөлшерімен сәйкестендірілген.
Т.САСЫҚОВ,
Қостанай облысы
бойынша статистика
департаменті еңбек және
халықты жүмыспен қамтустатистикасы басқармасының басшысы.