Үстем болсын мерейің…

Қостанайда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Биылғы конкурстың екінші кезеңіне 172-ден астам отбасы қатысты. Ұйымдастырушылар олардың арасынан 20 отбасыны іріктеді. Байқаудың облыстық кезеңі Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармонияда өтті. Марапаттау рәсіміне Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.
– Ата-бабамыздың ұрпақ тәрбиелеудегі салт-дәстүрлері халқымыздың асыл қазынасына айналды. Ел ішіндегі бірлік-отбасынан басталады. Өмірдің өзі дәлелдеп берген шындық осы. Мемлекеттің табысы әр шаңырақтағы шаттықпен өлшенеді. Сондықтан елімізде отбасы институтының дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Елбасының тапсырмасымен өтіп жатқан «Мерейлі отбасы» байқауы – осының дәлелі, – деді Марат Қонысбайұлы. IMG_9974
       Ұлттық байқау үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – аудандық, екіншісі – облыстық, соңғы қорытындысы – республикалық. Аты аталған сайысқа ғылым, білім, мәдениет, экономика, спорт салаларында табысқа жетіп, абыройы асқан отбасылар қатыса алады. Бүгін мәреге жеткен облыстық кезеңде көпке үлгі болып жүрген үздік отбасылар марапатталды. Ұйымдастырушылар алқасының ұйғарымымен қатысушылар «Өнегелі отбасы», «Парасатты отбасы», «Мерейлі отбасы» аталымдары бойынша топтастырылған. «Өнегелі отбасы» иегерін ұлттық байқаудың өткен жылғы жеңімпазы Төлегеновтер отбаы марапаттады. Жеңімпаз болып Марат және Гүлсім Шоңғаловтардың отбасы (Таран ауданы) танылды. Ал «Парасатты отбасы» аталымында Бейбіт Жүсіпбеков шаңырағының (Жанкелдин ауданы) мерейі үстем болды.
«Мерейлі отбасы» аталымында Григорий және Фәни Солодовтар (Қостанай қаласы) жеңіске жетті.
– Мен Қазақстанда 50 жылдан астам уақыт тұрып келемін. Елбасының бастамасымен ұйымдастырылған бұл сайыс жыл сайын жаңа қарқын алып келеді. Сондай-ақ, жас отбасыларға көрсетер үлгісі мол. Бейбітшілік пен келісім салтанат құрған біздің елімізде әр отбасыға жағдай жасалған. Береке мен бірлікті сақтап қалу жастардың өздерінің қолдарында, – деді жеңімпаз отбасының отағасы Григорий.
Солодовтар отбасы осы ұлттық байқаудың республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайды.
 
                                           Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ.
                                 Суретті түсірген Айбек Жүзбай.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓