Зәулім ғимаратта қолтаңбасы қалған

Бас шаһар келбеті – ұлт келбеті. Біздің елорда қай жағынан қарасаңыз да кісі қызығарлықтай. Еліміздің жаһандық брендіне айналған айшықты астананың сәні мен салтанаты, көркі мен келбеті төрткүл дүниені тамсандырудан бір танбай келеді. Қараған жанның көз майын тауысқан Нұр-Сұлтан қаласының заманауи ғимараттарында қостанайлық құрыш қолды құрылысшылардың да қолтаңбасы қалды.
Заречный кентінің тұрғыны Серік Нұрсейітов – 2005 жылы елордаға барып, сондағы биіктігі 142 метр болатын «Астана триумфы» тұрғын үй кешенің құрылысына қатысты. Еліміздегі ең ірі құрылыс компаниясының бірі – «Базис-А» құрамына кіретін «Алып» ЖШС-інде прораб болып еңбек етіп, зәулім ғимараттың бой көтеруіне үлес қосты.
– Сол жылдары астананы салуға еліміздің бар өңірінен білікті мамандар келіп жатты. Жағалай құрылыс, қаптаған крандар. Жұмыс күндіз-түні жүріп жататын. Әрине, қала салу оңай емес. Оның үстіне бір елдің астанасын салудың жауапкершілігін сезіне бер. Ең бастысы – сапаға мән беруің керек. Ал, біз іргетасын қалаған алып нысанның дизайны басқалармен салыстырғанда мүлде бөлек. Сондай биік ғимаратта қолымыздың табы қалғанына іштей қуанасың, – дейді кәнігі құрылысшы Серік Кенжебекұлы.
Секең бас шаһардағы тағы басқа көптеген еңселі тұрғын үйлердің, ғимараттардың бой көтеруіне себепші болғандардың бірі. Мәселен, ол «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме кешенін іргетасын қалаушылардың бірі.
Сексенінші жылдары Қарағанды металлургиялық комбинаты жанындағы Теміртау жоғары оқу орынын бітірген ол алғашқы еңбек жолын Арқалық қаласындағы «Промкультбытстрой» мекемесінде бастады. Кейін туған жері – Торғайда ұзақ жыл құрылыс мастері, прораб болып қызмет істеді. Қырық жылға жуық құрылыс саласында істеген Серік Нұрсейітов Торғайды түлетуге жан-тәнімен қызмет етті. Елдің алғысына бөленді. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ол елорданың еңсе тіктеуіне шама-шарқынша үлес қосқанына марқаяды.
Сурет С.Нұрсейітовтің жеке мұрағатынан алынды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓