Ардагерді ренжіткен кім?
Еңбек ардагері Қастай Байкенов бір жылдан бері есту аппаратын ала алмай жүр. 87 жастағы қарияның құлағы ауыр естиді. Өзі 3-ші топтағы мүгедек. Дәрігерлерден хабар күтіп шаршаған ардагердің шағымы «Нұр Отан» партиясының Қостанай облыстық филиалында тыңдалды.Партияның бұл жолғы қоғамдық қабылдауы облыстық мәслихаттың хатшысы Сайлаубек Ещановтың қатысуымен өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту және еңбек инспекциясы жөніндегі басқармалардың бірінші басшылары да болды. Қабылдауға барлығы төрт адам жазылған. Олардың бірі тегін дәрі-дәрмектің тапшылығын ашына айтса, екіншісі денсаулығына байланысты емдеу-сауықтыру шипажайына барғысы келетінін жасырмады. Біздің назарымызды аударған Қастай ақсақалдың жағдайы.-Менің құлағым дұрыс естімейді. Дәрігерлер есту аппаратын жазып беріп еді, бірақ әлі қолыма тиген жоқ. Күтіп жүргеніме бір жыл болды. Әлеуметтік қорғау мекемесіне бара қалсам «Ата, сізге жату керек. Сіз болсаңыз әлі жүрсіз» дейді. Онысы несі? Неге өз елімізде ардагерлерді ренжітеді? Біз соғыс жылдары тылда тынбай еңбек еттік. Ал, қазір ешкімге керексіз болып қалдық па?,-дейді Қастай ақсақал.Облыстық мәслихаттың хатшысы Сайлаубек Ещанов қарияның өкпесін мұқият тыңдады. Мәселені шешуді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбеноваға мықтап тапсырды. Гүлнар Тәубақызы есту аппаратын биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында алып беруге тырысатынын айтты.-Мынадай әкенің бары балаға үлкен бақыт қой. Жасы келсе де өзін-өзі алып жүреді. Қимылы – ширақ, сөзі – шымыр. Арамыздағы санаулы ардагерлерді ренжітуге болмайды. Сөзбен адамды жұбата да аласың, жылата да аласың. Сондықтан, дөрекі қылық танытқан мемлекеттік мекеменің қызметкері жауап беруі тиіс,-деді Сайлаубек Ещанов.
Қымбат ДОСЖАНОВА,
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.