ҚОСТАНАЙ – 2050: СЕРПІНДІ ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫ
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен облыстық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сессиясы өтті. Жиын барысында Қостанай қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы бекітілді. Облыс орталығының ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын серпінді стратегияны Экономикалық зерттеу институты жасаған. Жаңа жобаны аталмыш институтқа қарасты Өңірлерді зерттеу орталығының директоры Қайсар Нығметов таныстырды. Жобаны жасамас бұрын, орталық мамандары алдымен Қостанай қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын талдап, сараптама жүргізген. Орталық директорының айтуынша, соңғы 10 жыл ішінде сан жағынан Қостанай тұрғындары 28 мың адамға өскен. Қалада өндірілетін өнеркәсіп өнімдері 4 есе ұлғайып, былтыр 298 млрд теңгеге жетіпті. Облыс орталығының негізгі капиталына келіп түскен инвестиция көлемі де 2 жарым есе ұлғайып, былтыр 59 млрд теңгеден асқан.
Орталық директорының айтуынша, алдағы уақытта Қостанай қаласында коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған қыруар іс күтіп тұр. Бүгінде облыс орталығындағы су құбырының 79%-і, газ құбырының 25%-і, электр желісінің 74%-ке жуығы, кәріз жүйесінің 71%-і ескі. Коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға жалпы құны 26 млрд теңге болатын ірі жобалар жоспарланған.
Жиынды облыс әкімі қорытындылап, Қостанай қаласының жаңа даму стратегиясының аса маңызды құжат екендігіне тоқталды.
– Бұл жоба 29 қазанда өткен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының фракция отырысында да талқыланған. Мен өзім есеп бердім. Сол есебімде өңірді дамытудың барлық бағыттары бойынша мәлімет жеткізгенмін. Облыс орталығы күн санап дамып келеді. Жаңа шағын аудандар, жаңа кәсіпорындар ашылып жатыр. Өндіріс саласы да ілгеріледі. Бұған тоқмейілсуге болмайды. Алдағы жоспар бұдан да ауқымды. Бүгінгі бекітілген даму стратегиясы бізге жаңа міндеттер жүкейді, – деді Архимед Мұхамбетов.