Қызық-думанға толы күн
Балғын балалар үшін қызық-думан күндер жаз айының бірінші күні – Халықаралық балалар күнінен басталады емес пе. Міне, осы күні еліміздің соның ішінде облысымыздың барлық елді мекендерінде балаларды қорғау күніне арналған небір мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, спорт жарыстары, байқаулар мен сайыстар, сурет көрмелері өтеді. Осындай іс-шаралардың бір парасы облыс орталығында да болды. Ауа райының сәл салқындығына қарамастан Сити-орталық, орталық саябақ, «Март» сауда үйінің маңы балаларға толы. Немерелерін ерткен ата-әжелер де, балаларымен әке-шеше де жүр. Қолдарына түрлі-түсті бор алған бір топ бала асфалтьқа сурет салып жатса, енді бір тобы ойын ойнап жатыр. Әр жерде тілек тілеу ағашы да тұр. Кішкене балалар қолдарындағы ленталарын әлгі ағашқа байлап, тілектерін тілеп те жатты.-Маған бәрі ұнады, ойынға да қатыстым, өөзім қатарлы балалардың салған суреттерін де, жасаған ойыншықтарын да көрдім. Бәрі қызық, енді түрлі-түсті борман асфалтьқа сурет салу сайысына қатысқым келеді. Лента байлап, тілек те тіледім, ол тілегім орындалады деп ойлаймын,- деді Қостанай қаласындағы №18 орта мектебінің 5 сынып оқушысы Шахиназ.Жас суретшілердің, балалардың шығармашылығына арналған көрмені қызықтағандар да бар. «Март» сауда үйінің жанындғы сахнада жас өнерпаздар ән айтып, би билеп, өздерінің өнерлерін көрсетсе, бұрқақ маңына соның ішінде әсіресе үлкен-кіші ұл балалар жиналып қалыпты. Қостанай қалалық балалар шығармашылығы үйіндегі техникалық үйірмелерге қатысатын балалар автоматты түрде, өздігінен жүретін мысалы, робот техникасын жүргізіп, ұшақтарды ұштырып, кемелерді суда жүзгізіп, өнерлерін көрсетті.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ