Қор қаржысы қалай жұмсалды?

Қостанай облысында тілсіз жаудан жапа шеккен тұрғындарға қаржылай көмек көрсету үшін «Қайырымдылық KZ” қоғамдық қоры құрылған еді. Құрылтайшылары қорға түскен қаражаттың қалай жұмсалғаны туралы мәлімет берді.
Қор ашылғалы 1,257 млрд теңге жиналған. Ақша әлі күнге түсіп жатқан көрінеді. Қор құрылтайшыларының мәліметінше, өрт үйін тып-типыл еткен тұрғындарға бірінші кезекте жәрдемақы берілген. Олар 1 млн теңгеден алыпты.
«14 адамға 1,3 млн теңгеден берілді. Жалпы сома – 18,2 млн теңге. Оның сыртында 91 отбасы 1 млн теңгеден алды, яғни қордан 91 млн теңге шықты. Өрттен жартылай жапа шеккен 74 адамға 500 мың теңгеден үлестірілді, – дейді қоғамдық қор жетекшілері.
Мұның сыртында, үй жануарлары өрт ішінде кеткен тұрғындарға 7 млн теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Атап айтқанда, 11 адамға жәрдемақы берілген. Бес шаруа қожалығына 30,3 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Көлігінен айырылған тағы бір тұрғын 1 млн теңге алған.
«Өрттен зардапқа ұшыраған Қарасу ауданының тұрғындары да назардан тыс қалмады. Мұнда 8 адам 1 млн теңгеден жәрдемақы иеленген. Мұның сыртында, Қостанай қаласындағы жарылыстан жапа шеккен 8 адамға да 1 млн теңгеден берілді, – деп толықтырды құрылтайшылар.
Адамдардан бөлек, қайырымдылық қоры құрылыс материалдарын сатып алуға, орманды өртенген ағаштардан тазалауға, көшет отырғызуға да қаражат бөлген.  
Жанар-жағар майға 15,6 млн, орманшыларға арнайы киім алуға 55.5 млн, құрылыс материалдарына 44.8 млн, күйген ағаштарды тазалайтын техника алуға 347,1 млн, алты «Беларусь» тракторына 126,60 млн, тағы сегіз трактор алуға 187,140 млн теңге жұмсалды, – деп есеп берді олар.
Әулиекөлдегі, Аманқарағайдағы балалар және спорт алаңдарына 40 млн теңгедей қаржы шығындалған. Қор құрылтайшылары қаражатты бөлу туралы ақпараттар ашық түрде жарияланатынын айтты.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓