Тарихтың тақсіретті беттері бұл…
31 мамыр – Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Өткен ғасыр қойнауындағы қаралы жылдарды Қостанай қауымы да күрсініспен еске түсірді. Жеңіс саябағына барып, дәстүрлі митинг аясына жиналды.
Тарихтың осынау бір тауқыметті тарауы – жансебіл ұлттың жанында жатқан жазылмас жара іспетті. Араға жыл салып тағы да сыздады… Қазақ даласында солшыл саясаттың "сойыластысы" болған бейкінә жандар саны 100 мыңға жетеді. Соның 25 мыңының жазықсыз жазаға ұшырағаны жайлы дерек бар. Ал Тобыл-Торғай топырағынан 4 мыңнан астам адам осы қаралы тізімге іліккен.
Нақақ құрбандар рухына тағзым етуге арналған дәстүрлі митинг Жеңіс саябағындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткішінің алдында өтті. Жиынға облыстың және қаланың билік өкілдері, репрессия құрбандарының балалары мен туыс-туғандары, ҰОС ардагерлері, қоғамдық бірлестіктердің, мемлекттік органдардың, әскери-патриоттық клуб, БАҚ өкілдері және жастар қауымы қатысты.
Митингтің ашылу рәсімінен соң облыс әкімі Архимед Мұхамбетов осы күннің мән-маңызы туралы сөз сөйледі:
– Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы әділетсіздік пен қуғындау елімізде өмір сүріп жатқан мыңдаған отбасына кесірін тигізді. Ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары "ұлтым" деймін деп "ұлы қылмыс" жасап, "халқым" деймін деп "халық жауы" атанып, атылып кетті. Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған жандардың есімдерін мәңгі ұмытпай, қастерлеу – ұрпақ алдындағы қасиетті парыз… Халқымыз қанша қасіретті жылдарды басынан өткізсе де, ақ жүректігінен, ақ пейілінен айнымады. Сол пейілінің арқасында қолымыз Тәуелсіздікке жетті. Біз "Мәңгілік ел" боламыз десек, өткенімізді ұмытпай, бүгінімізді бағалай білуіміз керек. Осындай шаралар бәрімізге сабақ болуы тиіс,-деді өңір басшысы өз сөзінде.
Мұнан соң А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ проректоры, филология ғылымдарының докторы Алмас Әбсадық деректер мен дәйектерді сөйлетсе, неміс этномәдени бірлестігінің өкілі, қуғынға ұшыраған отбасының қызы Изольда Кравец зобалаң шақтардағы ата-анасының тағдыры туралы әңгімеледі. Жастар қауымы атынан ҚМПИ студенті Ирина Логвинова қазақ тілінде баяндама жасап, Ж.Молдағалиевтің "Мен қазақпын!" өлеңін оқып, ақсақалдар мен ақбұрым аналардың көңілін босатты.
Бір минуттық үнсіздік жарияланып, арты ескерткіш түбіне гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Шара соңында қол жайылып, аруақтарға бағышталып құран оқылды.
Ж.Жүсіпбек.
Фототілшілер: Айбек Жүзбай, Бағдат Ахметбеков.