Қайырымдылықты көздеген…
Қостанайда қазақ күресінен «Өнер барысы» қайырымдылық турнирі өтті. Бұл жарысты өткізуге өнердің айналасында жүрген жастардың өзі бастама көтерген болатын. Әсіресе, облыстық қазақ драма театрының Төленді Әлғожин бастаған жас әрітістері белсенділік танытты. Олардың бастамасына облыстық мәдениет және спорт басқармалары қолдау танытты. Сонымен қатар, «Социум және мен» қоғамдық қоры турнирдің өтуіне мұрындық болды.
Турнирге облыс өңіріндегі әнші, күйші, жыршы, мәдениет қызметкерлері және асаба болып жүрген 30 өнерпаз жігіт қатысты. Сонымен, бозкілемге шыққан әуесқой балуандар екі салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты.
Екі топқа бөлініп белдескен палуандар арасында 74 келге дейінгі салмақта Қуаныш Әбілев бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Есбол Жатқанов еншіледі. Үшінші орынға Қанат Ражанов жайғасты. Ал ауыр салмақта белдескен топ арасынан Әділхан Сейілхан суырылып алға шығып, «Өнер барысы» белдігін жеңіп алды. Нұрмұхамед Серікбаев тиісінше екінші орынды еншілесе, Елдар Балаханов жүлде көмбесінің үшінші сатысына көтерілді.
– Қостанайда өтіп келе жақан «Өнер барысы» турнирі елміздің өзге облыстарына үлгі болды. Біздің бастаманы астаналық өнерпаздардың жалғап кеткені қуантады. Бұл "Өнер барысы" дәрежесінің артқаны. Бір жағынан бұл игі бастама қайырымдылық бағытта өткізілетіндігі тіптен көңілге қонымды, – дейді идея авторы Төленді Әлғожин.
"Өнер барысы" атанған асаба Әділхан Сейілхан бұл турнирге "Қыпшақ шоумен" лақап атымен қатысты. Оның айтуынша, осы турнир өнерпаз жігіттердің бірлігін арттырады.
– Сөз жоқ, биылғы жарыс аса жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сол үшін де мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Болатұлына, Төленді Әлғожинге алғысымыз шексіз. Өнерпаздардың да спорттан алшақ емес екенін көрсеткендейміз. Бастысы, одан сайын бірлігіміз артып, саламатты өмір салтын насихаттауға үн қосамыз, – дейді "Қыпшақ шоумен".
Айта кетейік, былтырғы турнирден түскен қаржы Жанкелдин ауданының орталығында тұратын сегіз жасар Ақерке Жексенбайға көп функциялы есту аппаратын сатып алуға жұмсалды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталмыш өнер сайысы жыл сайын өткізілмек.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев