Наурыз қалай тойланбақ?

Бүгін қыс мезгілінің соңғы күні. Алда көктем. Наурыз айы мереке күндеріне толы. Соның ішінде 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мейрамының ауылы алыс емес. Мерекеге әзірлік жұмыстары қалалық әкімдікте өткен аппарат мәжілісінде талқыланды. Белгіленген жоспар туралы Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов мәлімдеме жасады. 

Наурыз мерекелерін атап өтуге арналған іс-шаралар Қостанай қаласында 6 наурыз күні басталады. Сол күні "Мирас" мәдениет үйінде әр салада жетістікке жеткен аймақтың белгілі ханымдарына арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. 7 наурыз кешкі сағат бесте "Мирас" мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы қала қонақтары мен тұрғындарын  "Мерекелеріңізбен арулар!" атты көңілді кешке шақырады. Сондай-ақ Жастар сарайында елімізге белгілі өнер адамдары Қуандық Рахым, Роза Әлқожа, Қайрат Нұртас, Әбдіжаппар Әлқожа және "Дос-Мұқасан" тобының коммерциялық негіздегі жеке концерттері өтеді. Театр сахналарында бекітілген афишаға сәйкес спектакльдер қойылады.  Әрі қарай Ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шаралар жалғасады.– Наурыз мейрамының негізгі мақсаты – қазақ жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру. Көтеріңкі көңіл-күйді қалыптастыру үшін қаламыздың негізгі көшелерін мерекелік тақырыптағы баннерлермен безендіреміз. Сити-орталықта "Шаңырақ" және "Жеті қазына" белгілері орнатылмақ. Шаңырақ – әулеттің символы. Шаңырақтың шайқалмай, нық ұсталуын, уықтардың дұрыс әрі тез шаншылуын жақсы ырымға балаған. Халқымыз үшін "Жеті қазына" ұғымының да маңызы жоғары. Осы аталған белгілерді тұрғындар фото-зон ретінде пайдалану үшін қала орталығына орнатуды ұсынамын, – деді Мәжит Шүленов. 
Қалалық әкімдік мерекеге орай көпшілікке арналған екі байқау өткізуді жоспарлап  отыр. Біріншісі, "Әр ауладағы Наурыз мейрамы" деп аталады. Оған қаладағы меншік иелері бірлестіктері қатысады. Байқау 21-наурызда көппәтерлі тұрғын үйлер аулаларында өтеді. Үш негізгі жүлде мен жеті ынталандыру сыйлығы берілмек. Екіншісі "Қостанай қаласындағы ең үздік киіз үй"  байқауы. Ол 22-наурызда орталық алаңда болады. Қаланың әуежайы мен теміржол вокзалы ғимараттарында киіз үй элементтері қойылып, жолаушыларға бауырсақ, наурыз көже таратылады. Негізгі іс-шаралар Әл-Фараби даңғылындағы, Баймағамбетов-Алтынсарин көшелерінің қиылысындағы орталық алаңда өтеді. Ол жерде отызға жуық киіз үйлер тігіледі. 
– Көктемнің шуақты мерекелеріне, соның ішінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына дайындық жоғары және сапалы деңгейде болуы қажет. Жергілікті МИБ өкілдері "Әр ауладағы Наурыз мейрамы"  байқауына қатысуға ниет білдіріп отыр. Байқау барысында ыстық тамақ әзірлеуді қоя тұрып, оның орнына салт-дәстүрімізді насихаттағанымыз дұрыс. Мереке күндері қаланың тазалық жұмыстарын, қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалаңыздар, – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев. 

Қымбат Досжанова
Суреттер қала әкімінің баспасөз қызметінен алынды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓