Жаңа бағдарламаны талқылады
Қостанайға жұмыс сапарымен «Нұр Отан» пратиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасының бірінші орынбасары Оралбай Әбдікәрімов келді. Сенат депутаты Тобыл өңіріне сапары барысында “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының кеңейтілген кеңесіне қатысып, қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтарды қабылдады.
Кеңейтілген кеңес барысында ең алдымен облыс әкімі А.Мұхамбетов партияның облыстық филиалының жемқорлықпен күрес бағытындағы атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Өңір басшысының айтуынша, 2015-2016 жылдың бірінші тоқсанында партияның облыстық, аумақтық филиалдарында, мемлекеттік органдарда жемқорлыққа қатысты 400-ден астам іс-шара өткізілген. Бұған әрине, Қостанай облысы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссияның, “Нұр Отан” партиясы жанындағы сыйблас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық бірлестіктің, басқа да мемлекеттік және қоғамдық институттардың бірлескен іс-қимылының арқасында қолжеткізіліп отыр. Сондай-ақ, облыс әкімі аппаратында облыстағы сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау бойынша бірлескен отырыстар өткізіліп тұрады. Ол отырыстар бүгінгі күні өзінің оң нәтижесін де беріп отырған көрінеді. Жақында ғана партияның облыстық, аумақтық филиалдарында, Қостанай облысы әкімдігінің мемлекеттік мекемелерінде партияның “2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының” іске асырылуы жөніндегі сарапшылық топ өз жұмысын бастады.
-Еліміздің Президенті, Ұлт көшбасшысы, Партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті мемлекеттік саясаттың негізгі және басым бағыттарының бірі ретінде белгілеп берген болатын. 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламаның басты мақсаты – жемқорлықтың кез-келген көрінісіне нөлдік төзімділік жағдайын қалыптастыру арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа қоғамның барлық топтарын тарту болып табылады. Партиялық бағдарламаны іске асыру “Қазақстан-2050” стартегиясында мемлекет басшысы белгілеп берген мақсаттар мен міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыруды қамтамасыз етіп, жемқорлық деңгейін төмендетуге әкелуі тиіс, – дейді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
“Нұр Отан” пратиясының жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасының бірінші орынбасары Оралбай Әбдікәрімов те бағдарламаның бағыттары мен міндеттері, оны іс жүзінде орындаудың механизімі ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың Жол картасы және жыл сайынғы шаралар жоспары жайлы тілге тиек етті. Сондай-ақ, астаналық қонақ Қостанай облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жүйелі түрде және жемқорлық деңгейін төмендететін бағытта жүргізіліп отырғандығын айтты.
Қарлығаш ОСПАНОВА