Талантымен талайды тамсантты
Өңірімізге кеңінен танымал әнші Серік Әбілев пен күйші Мәлік Нұрғалиев таяуда ғана Ресей елінің Екатеринбург қаласында өткен «Берега надежды» атты халықаралық байқаудан жеңіспен оралды.
Ресей федерациясының мәдениет министрлігі жыл сайын ұйымдастыратын бұл байқау биыл 59 рет өткізіліп отыр. Жиырма шақты елден жиналған өнерпаздар бірнеше номинация (театралды, вокалды, музыка аспабы) бойынша бақтарын сынаған. Өнер жарысына Қазақстаннан тек Қостанай облысы ғана қатысқанын, өздерімен қатар белгілі өнерпаз-ұстаз Наталья Когайдың Айша және Юля есімді шәкірттері де бұл байқаудан лауреат болып оралғанын айтып, Серік пен Мәлік қуанышты әсерімен ой бөлісті.
Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда ширек ғасыр бойы қызмет етіп келе жатқан Серік Әбілев ән өнеріне бала жастан қызыққанын әңгімеледі.
– 1988 жылы белгілі музыка сыншысы, композитор Петр Ильич Чайковский атындағы Алматы музыка училищесіне оқуға түстім,– деп сөз бастады Серік Әбілев. – Бұл оқу орны бүкіл одаққа кеңінен танымал өнер шаңырағы. Қазір де солай. Міне, осы оқу орнын төрт жыл оқып, елге келіп, филармонияда әнші ретінде қызметке орналастым. Былтыр 50 жылдық мерейтойыма орай үлкен шығармашылық концерт бердім. Келесі жылы шығармашылығыма жиырма бес жыл толмақ. Оған да қазірден бастап дайындалып жүрмін.
Екатеринбург қаласында өткен халықаралық байқауға дейін де бірнеше өнер жарыстарының жүлдесін алдық. Бірақ солардың ішінде осы байқаудың жөні бөлек. Себебі, бұл өнер додасына менің номинациям бойынша 60-қа жуық үміткер қатысып, барлығы да өздерінің кәсіби шебер екендіктерін көрсетіп бақты. Бірақ бағым болған шығар, бірінші жүлде маған бұйырды,– деді Серік Әбілев риза кейіппен.
– «Бірінші жүлде иегері – Серік Әбілев. Қазақстан!» дегенде Секеңнің жүзін көрсең, тіпті, өз көзіне өзі сенбей, абдырап қалды. Мен де сондай күйді кештім. Жүзге тарта үміткердің ішінен бірінші орын алам деген ой түсіме де кірмеді. Расында да біздің бабымыз да, бағымыз да болды,– деп Мәлік Нұрғалиев қуанышын жасыра алмады.
Мәлік те филармонияда қызмет істейді. Шетелге танымал «Ақжелең» ұлт аспаптар оркестрінің белді мүшесі. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі дирижер, оркестрдің жетекшісі Назымбек Молдахметовтің шәкірті.
– Домбыра шертуге құмарым 5 жастан оянды,– деді Мәлік өнерге қалай келгенін баяндап. – Әкем Қуандық домбырада жақсы ойнайтын. Бірнеше күйді білетін. Міне, сол кісіден дарыған қасиеттің арқасында қазір күйші атанып, мен де шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Ұлттық өнерге қазір жастар қызыға ден қойып жүр. Бұны биыл 25 жылдығын атап өткелі отырған Тәуелсіз Қазақстанның жемісі деп білемін.
Қос өнерпазбен болған аз-кем әңгімеден олардың өнерге деген сүйіспеншілігін, ерік-жігерін, шәкірт тәрбиелеудегі еңбекқорлығын аңғардық.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков