Күн сайын – бір суицид

Былтырғы жылы өңірімізде 365 адам өз-өзіне қол салыпты. Бұл – әр күн сайын бір адам өз өмірін қияды деген сөз. Тіпті, жол-көлік апатынан көз жұмған 105 адам мен кісі қолынан қаза тапқан 63 адам және суға кеткен 23 адамды қосқанда да өз қалауымен өмірін ерте қиғандардың жартысын ғана құрайды екен. Облыстық прокуратурада өткен консультативті кеңес мәжілісінде осындай жаға ұстатарлық жағдайдың алдын алу мен болдырмау мәселесі талқыланды. Себебі, біздің еліміз суицидке барудан әлем бойынша алдыңғы орындарда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша әр 100 мың адамға шаққанда 20 адам өздігінен өмірімен қош айтысатын болса, Қазақстанда бұл сан көңіл көншітпейді – 27 адам.суицид
Жалпы, өткен жылы аймағамызда өздеріне қол салғандардың арасында 96 жас азамат пен  кәмелетке толмаған 16 жасөспірім бар. Балалар мен жасөспірімдердің өмірмен ерте қоштасуына әлеуметтік желілердің кең етек жаюы жайында талай айтылып келеді. 2013 жылдан бері Ел Үкіметінің қоғам дертіне тосқауыл қою шараларын жүзеге асыру мақсатында суицидолгиялық қызмет жұмыс істеп келеді. Алайда бұл жұмыс әзірге оң нәтиже беріп жатқан жоқ. Оған өкілетті органдардың тиісті шараларды қабылдамауы себеп. Суицидпен күрес көбіне мектеп қабырғасынан арнайы білім ордалары және жоғары оқу орындары арасында көбірек қамтылған. 
– Өңіріміздегі мектептердің үштен бірінде, яғни, 165 білім ордасында педагог-психолог мамандарға арналған кабинеттер жоқ. Ал барлық 382 педагог-психологтың 3% (11 маман) ғана жоғары санатқа ие, 249-ында (65%) санат мүлдем жоқ. Ал 156 маман үш жылға дейін ғана еңбек өтілі барлар. Қазір аймағымыздың мектептерінде осындай 37 мамандық иегері жетіспейді, – деді облыс прокурорының аға көмекшісі Ринат Кәрімов.
Прокурорлар қоғам дертімен күресу білім саласымен қатар, әсіресе, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары және жастар саясаты мекемелерімен бірлесіп атқаратын шаруа екенін айтады. Өзіне қол салудың негізгі себептері – мектеп психологтарының тиімсіз жұмыстары, білім мекемелеріндегі арнайы кабинеттердің жабдықталмауы, елдімекендердегі психиатр дәрігерлердің жетіспеуі, суицид жөнінде скринингтердің болмауы. Айта кету керек, облыстағы денсаулық сақтау мекемелерінде 28 психиатр-маман жетіспейді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық, әсіресе, жуан жұдырықтылардың әйелдерге күш көрсетуінен халықтың хабардар болмауы да өз еркімен өмірін қиюға әкеп соғады.
– 165 мектепте психолог маманның болмауы алаңдатарлық жағдай. Ал біліктілігі жоқ, жағдайы жасалмаған ұстаздан не талап етуге болады? Міне, білім ордаларының басшылары осы мәселеге мән беріп, өздері жағдайды қадағалауға алмаса болмайды, – деді М.Қайбжанов.
Прокурорлар суицидтің алдын алу мен болдырмау үшін тұжырымдама жобасын талқыға ұсынды. Мәселен, өз өмірін қиятындарға тосқауыл жөніндегі ұлттық стратегия әлемнің 28 мемлекетінде бар болса, Қазақстан осы тізімде жоқ. Сол себепті құзырлы орган өкілдері елімізде де осындай стратегия бекітуді ұсынып отыр. Ол үшін алдымен өңірдегі әкімдіктерде ведомствоаралық жұмыс топтары құрылу керек. Топтарға әр ай сайын суицидке байланысты іс материалдарымен танысып, сараптама жасап, оларды шешу жолдарын қарастыру міндеті жүктелмек. Өзін қоғамнан алшақтатып, өмірін қиюға талпынғандарды арнайы топтар есепке тіркеп, жіті қадағалауға алып, бастапқы райынан қайтаруға бар күш-жігерін салуға болады екен. Құзырлы орган қызметкерлері бұл тұжырым алдағы уақыт бекітілетін болса, зор нәтиже күтілетінін жеткізді.
Айтпақшы, суицид көрсеткіші өте төмен аудандар – аймағымыздың күнгейіндегі Арқалық, Амангелді, Жангелдин, Науырзым өңірлері екен. Кеңеске қатысушылар осы жайттың мәнісін анықтап көрмек болды. Жиында сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы О.Бекмағамбетов «Өз басым мұны дәстүрдің берік сақталғанынан деп білемін. Ол менің жеке пікірім» деді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓