Уақыт талабына сай
Бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі жаңарту үдерісі – білім мазмұны мен сапасын арттыру, оқытудың жаңа технологияларын іс-тәжірибеде қолдану. Сондықтан да білім беру қызметінің сапасы кез келген мемлекеттің білім беру жүйесінің қызметіне баға берудің айқындаушы факторы деп айтамыз. Себебі білім-қоғамның интеллектуалдық капиталын, инновациялық әлеуетін көрсетеді емес пе. Қазіргі уақытта білім берудің басты мақсаты да сол-бәсекеге лайықты, білікті, шығармашыл, оңтайлы кәсібіи маман даярлау. Ал, осы мақсатты жүзеге асыру үшін республикамызда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны бәрімізге белгілі. Елбасымыз «Біз еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беруге қол жеткізуге тиіспіз» деп атап өткен-ді. Білім беру саласындағы өзгерістерге және Қазақстан-2050 стратегиясының жаңа басым бағыттарына байланысты Қазтұтынуодағы Қостанай экономика колледжі аталған стратегия аясында өздерінің негізгі басымдық айқындамасында көрсетілген «Экономика саласындағы мамандардың жан-жақты кәсіби кешенді тұлғасын қалыптастыру үшін жағдайлар жасау» мақсатын орындау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, түлектердің нарықта сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету үстінде. 2009 жылдан бастап колледжде сапа менджменті жүйесі енгізілген.



1956 жылы құрылған облыстық тұтынушылар одағының Қостанай кооперативтік техникумі бүгінде Қазтұтынуодағы Қостанай экономика колледжі деп аталады. Оқу орнының облыстың әлеуеті үшін білікті мамандар даярлауда алпыс жыл ішінде өзіндік орны, үлесі бар. Міне, осы айтулы мерейлі күнге байланысты өткен салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары М. Жүндібаев оқу орнының басшысы Қ. Хамзинді, оқытушылар ұжымын, келген қонақтарды құттықтап, жылы лебізін білдірді, облыс әкімі атынан алғыс хат тапсырды.



Гүлназым САҒИТОВА.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.