Бейбітшілік пен келісімнің ордасы
Рухани келісім күніне орай Рудный индустриялық институты студенттерінің Кіші Ассамблеясының кезекті 2-отырысы өтті. Оған қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері, сондай-ақ білім ордасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттер қатысты.
«Қазақстан-2050» стратегиясы: әлем мәдениеті, руханият пен келісім» деп аталған отырыстың ашылу салтанатында ректор Әбдірахман Найзабеков сөз бастап, студенттік ұйымның жұмысы облыс пен республикаға үлгі болса деген тілегін жеткізді. Қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Фархад Балашов 128 мың халқы бар кеншілер шаһарында 30-дан астам ұлт өкілі, 4 конфессияға жататын 12 діни бірлестік тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын атап өтті. Жастардың жат пиғылды діни ағымдардың жетегінде кетпесі үшін атқарылған іс-шаралардың біразына жіпке тізіп берді. «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Александр Заскалько 820 ұлттық мәдени бірлестіктің басын қосқан Қазақстан Халқы Ассамблеясының маңыздылына тоқталса, «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Радик Тажибаев өз баяндамасын қазақ ұлты мен тілінің тарихи қалыптасқан ерекшеліктеріне арнады. Үстіміздегі жылдың сәуірінде құрылған институт студенттерінің Кіші Ассамблеясының қызметі туралы Жанна Кравченко әңгімелеп берді. Отырыстың соңы дәстүрге айналған «РИИ-дегі бейбітшілік пен келісім» атты факультетаралық фестивальге ұласты. Онда студенттер өзбек, армян және украин ұлтының салт-дәстүрлерінен сахналық көрініс жасап, ұлттық әндері мен билерін жоғары деңгейде орындап шықты. Екі сағатқа созылған ұлттар мен ұлыстар мерекесі белсене қатысқан бір топ студентті марапаттаумен аяқталды.
Қуаныш Есқабыл