Төрің құтты болсын, Қобыланды баба!
Бүгін барша қазақ үшін айрықша қуаныш, үлкен мереке. Халқымыздың мәңгілік ерлік өнегесіне айналған, орта ғасырдағы Алтын Орда, Ноғай Ордасы дәуірінің аса көрнекті тұлғасы Қобыланды батырдың Қостанай қаласындағы ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.
Ескерткіш авторлары еліміздің танымал сәулетшілері, ҚР Сәулетшілер одағының мүшелері – ағайынды Әбдікәрім және Әбдімүтәліп Ахметовтер. Олар Қобыланды батырдың қайталанбас тұлғасы, қайтпас қайсарлығын, өрлігі мен ерлігін шынайы бейнелеп берген.
Салтанатты шарада Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Ақылбай, ҚР Ғылым Академиясының академигі Сағындық Сатыбалдин, «Сағадат Нұрмағанбетов» атындағы қордың Президенті Махмұд Нәлібаев құттықтау сөз сөйлеп, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Қостанайдағы Герцен және Киев көшелерінің қиылысына орнатылған қаһарлы батыр тас тұғырдың үстінде Тайбурылдай арғымағына мініп, көк сүңгілі найзасын қолға алып, туған жерін қорғауға қашанда әзір екенін әйгілеп тұрғандай. Айта кетейік, Қостанай шаһарында бұндай ескерткіш болған емес. Баһадүдің қола мүсіні қаладағы тоғыз жолдың торабына қойылып, барша жұрттың назарын өзіне аударып тұр.
Қыдырбек Қиысхан.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ, Бағдат АХМЕТБЕКОВ.