Оқушы көршісіне пышақ салды

Қостанай облысының ювеналдық соты Қашар ауылының 17 жастағы тұрғынына үкім кесті. Ол қаңтар айында көршісіне пышақ жұмсап бақилық қылған еді.
Денис Кригер бұл қылмысына дейін істі болмақ түгілі полицейлердің назарына ілігіп те көрмеген. Бозбаланың сабақта да үлгерімі жақсы болған. Тек соңғы уақыттарда ғана оқуға деген қызығушылығы жоғала бастапты. Мұның себебі ата-анасының ажырасуы болуы бек мүмкін. Әкесі де, анасы да Лисаковқа кетіп, бұл әжесінің қолында қалған. Бейқауһар кейуана немересінің бейсауат жүрісін бақылай алмаған. Бала өңшең жүгенсіз ересектердің ықпалына ерген.
-Ол марқұммен көрші болып тұрған. Жапа шегуші ішімдікке тәуелді болған. Қылмыс болар күні "рөмкілестер" бір пәтерде алкоголь тұтынуға жиналады. Денис те қонаққа барған,-деп, сот қылмыстың түрткісі туралы баяндады.
Бозбаланы да қолқалап, қолына шөлмек ұстатады. Қызып отырып, ол ата-анасына қоңырау шалып, жылап отырып ішіндегісін ақтарады. Сол кезде 36 жастағы пәтер иесі мұнысын жақтырмаған кейіппен Дениске доқ көрсетеді.
-Марқұм оның ата-анасына тіл тигізген. Бұл Денистің намысына тиіп, екеуі соқтыға кетеді. Мұның ақыр аяғы төбелеске ұласқан. Бала, өзінің айтуынша, асүйге жүгіріп барып, пышақ алып келіп, қарсыласын қорқытпақ болған, -дейді сот.
Әуелгіде басқалар оның пышағын қолынан тартып алған. Алайда кикілжің мұнымен тоқтамаған. Бала асүйге қайтадан жүгіріп барып, тағы да пышақ алып шығып, жәбірленушінің арқа тұсынан соққы жасаған. Сәл уақыттан соң үй иесі жан тапсырады.
Әуелде Денис өз кінәсін толық мойындады, бірақ сот процесінде ол қарсыласына пышақ жұмсаған сәті есінде жоқ екенін айтты. Бірақ оның мастыққа салынғандығы соттың тиісті жаза тағайындауына кедергі бола алмады. 6 жылға бас бостандығынан айырылатын болды. Мерзімді жалпы тәртіптегі тәрбиелеу мекемесінде өткеретін болады. 
Соттың сөзінше, егер тәрібін дұрыс ұстаса, екі жылдан соң Денис шартты-мерзімнен бұрын босату туралы өтініш беруге болады. 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓