Жахаң мүсіні орнатылды
Жангелдин ауданының Қызбел ауылында Алаштың көрнекті қайраткері Міржақып Дулатовтың бюсті бой көтерді. Оны ауыл тумасы, қолөнерші Мұхамедқали Рахалиев өз қаражатына орнатты.
Мүсін елді мекендегі М.Дулатов атындағы орта мектептің алдына қойылған. Тұғырының биіктігі – 2,2 метр, ал бюстің өзі – 1,7 метр.
“Мен Міржақып бабамыздың бейнесін бұған дейін де қашағанмын. Онда көпшілік біле бермейтін суретін негізге алып едім. Ойласа келе, халықтың жүрегіне жақын, тақия киіп тұрған келбетін қайта жасадым”, – дейді мүсінші.
Ескерткіш бетоннан, қолөнершінің жеке шеберханасында құйылған. Қажетті материалдарды өз қаржысына сатып алып, үш ай ішінде жасап шыққан. Екі жыл бұрын дайын болған туынды карантин жағдайына байланысты шегеріліп, тастұғырға енді қонып отыр.
“Бұл – менің туған жерге тартуым. Дулатовтың ұлт үшін істеген еңбегі ұшан-теңіз. Міржақыптай елін сүйетін ұрпақ өссе деймін”, – дейді мүсінші.
М.Рахалиевтің өскен өлкесінде қалдырған қолтаңбасы жалғыз бұл емес. М.Дулатов атындағы орта мектептің 1993 жылғы түлектері Қызбел ауылының кіре берісіне көрнекті стела орнатты. Осы түлектер өтінішімен мүсінші қыран бүркіттің еңселі бейнесін жасап берген еді.