МЕКЕҢ
Ол кезінде үріп ішіп, шайқап төккен кісі. Ойхой, «кімсіз, Мэлс-Мекеңнің» нағыз өзі болған. Оғылан да, арлан да еді. Әйелі де қазақтың ең бір реңі келісті, сұлуы еді. Бірақ, қайсысынан екені беймәлім, балалары болмады. Күндердің күні сол әйел ауырып дүниеден озды. Жылын берген соң Мекең орыстың бір солқылдаған сұлу қызын алған. Бұл пешенеге жазу дегенді қойсаңызшы, бұл әйелдің де пұшпағы қанамады. Уақыт жылжып өте берді. Жас болса ұлғайды, дәурені озып қарттық иектеді. Қосағы да бес биенің сабасындай нән сары кемпірге айналған..
Бір жолы Мекең базардың маңайынан кездейсоқ ұшырасты. Жетпіске таяп қалса да бойы сымдай, тек көзі шүңірек тартып, жүдеген.
– Ех, інім, бәрі адамның өзінен екен.. Немере искемей-ақ өтетін болдық. Он жылдан асты – табалдырығымыздан ағайын-туыс та, қонақ та бас сұққан емес. Себебі, ана үйдегі сарыкемпір кісі жақтырмайды. Кезінде «қатынды бастан, баланы жастан» дегенге жүре қарадық. Соның зардабын шектім. Шақырған жора-жолдасқа сопиып өзім барамын. Алғашқыда ұялушы, намыстанушы едім, енді бәрін де қойдым, етім үйренді. Тіпті екеуден-екеу дастархан басында бірге отырып қашан шәй ішкеніміз де есімде жоқ. Адам итжанды екен. Көнесің, төзесің.
Мэлс қарияның шүңірек көзінен болар-болмас мұң табы сезілгенмен, соңғы сөзіне екпін беріп, өз-өзінің жігерін қайрап қойғандай әсер етті. Бұдан әрі пенделік күйбең тірлікті айтып тұрып, сөздің бір ұшы қазіргі үйсіз-күйсіз жүрген жастарға тиіп кеткен еді. Бір уақытта Мекең бәтшағар:
-Әй, зәулім коттеджде тұрамыз ғой, көрген шығарсың. Екеуден-екеу. Машаның сіңлісінің көңілдесінен тапқан жалғыз шатасы (ұлы) бар. Өзі бір іші-бауырыңа кіріп кететін жұғымды да пысық неме. Егер, жаман айтпай жақсы жоқ, алда-жалда олай-бұлай болып кетсек деп, үйімізді сол Алексейдің атына жазып қойдық,- де-п тұр.
– Апырай, өзіңізден туған-туысқаннан бірде-бірі шықпады ма, ағасы?- дедім де, тілімді тістей қойдым. Есіме, Мэлстің балалар үйінен екені түскен еді..
P.S. Ғаламторда не жоқ дейсіз: «Орта ғасырда монахтар шатаны «шайтанның баласы» деп «отқа өртеп жіберу» жайлы үкім де шығарған. Ал Францияда некесіз бала тапқан әйелді француз азаматтығынан айырып, бір жылға соттап жіберетін заң болыпты. Қазақ салтында тексізді әулеттің зиратына қоспай бөлек жерлеген және оған билік бермеген. А. Гитлердің әкесі некесіз туған шата, ал әжесі Мария Анна (Мариана) кедейдің қызы екен. Кім көрінгеннің есігінде жүріп, 40 жасында күң бала тауыпты. Білетіндер ол бала еврей шонжарларының бірінің тұқымы дейді. Сол шата Адольф Гитлердің әкесі. Ал сол бала өске келе бүткіл еврей жұртын қырып, азаптап, одан қалды күллі әлем елінің тыныштығын алды…