Тектілікті тестен сұраңыз
Ертеде бір бай ен далада мал бағып жүрген бір қойшыдан: "Ал-ла-тағаланың қайырымы түсіп, сені хан етсе не істер едің?" дегенде, қойшы: "Егер мен хан болсам, қойымды атқа мініп бағар едім" депті…
"Кез келген аспаз әйел мемлекет басқара алады" – Лениннің "Билік берсең қара табан кедейлер де ел билейді" дегені ғасырға жуық қойшыны депутат етті, әсем сарайлардың төріне отырғызды, төсіне орден-медаль тақты. Бәрібір қанша жерден жасанды құрмет-қошеметтің дәмін татса да, айналып келгенде баққан бағыланының құйрық майын жеп, мал қорадағы көңнің иісін иіскеп барып қана қойшының жаны жай табатын еді..
Осы күнгі қара халықтың нарықты, жаңа технологияны әлі дөңгелентіп, ұршықтай иіріп кете алмауына тек, текті құртқан кешегі заман зардабы ма дерсіз… Кешегі дегенде, нақтылай айтсақ, кеңес заманын орнатқан – шолақ белсенділер. Коммунистік ғасырда тектілердің тұқымын тұздай құртып, тексіз құл-құтанның ел басқарғаны тарихи шындық. Отызыншы жылдардың бас кезіндегі Қазақстанда болған қасіретті нәубетке жандайшаптар ұйытқы болды. Мұны Бейімбет Майлин туындыларында асқан шеберлікпен кестелеп берді. Топас белсенділері ештеңенің жөн-жосығын түсінбесе де, мансапқа қызығып, көп нәрсені бүлдірді. "Шаш ал десе, бас алуға әзір", айқайға, зорлыққа үйіріліп түсті. Жазушының "Арыстанбайдың Мұқышы": "Төртбақ, теке көз, шалбар бет қараны көрсең, бұл Арыстанбайдың Мұқышы екен де қой. Мұқыш екенін сездіруге өзі де құмар: қызмет басындағы адамды көрсе, шыр-ғалап соның маңынан шықпайды." Әкесі Арыстанбай да күні кешеге дейін "осы ауылды бір шыбықпен айдап келген" атқамінер, қу, ел жегіш парақор болатын; Мұқыштың бүгінгі тіршілігі де сол: "баққаны – өсек, айтқаны – ғайбат; көксегені – ұрыс-керіс, жанжал; жұрт арасына іріткі салып, біреуді біреуге атыс-тырып-шабыстырып жүрген, жалақор, пәлеқор". "Талтаңбайдың тәртібінде" екі сөздің басын жөндеп кұрай алмайтын, жазған мәнін өзі де жөнді түсінбейтін және тілі де келе бермейтін орыс сөздерін араластырып, ата-бабасында көріп, білмеген, естімеген колхоз дегеннен шошып, үркіп тұрған елдің зәресін ұшырады, онымен де қоймай: "құқ", "түрмеге тық!" – деп бейкүнә, момын жұрттың басына әңгір таяқ ойнатады" – деп жазған ұлы Биағаң.
Осылайша іргесі қаланған, өскен кеңес қоғамы гүлденді, кемеліне келген жылдары… "Таза қазақы ауданда аудандық партия комитетіне орыс таба алмай, көшеде мас болып шаңда аунап жатқан пеш салатын жирен шаштыны жуындырып, киіндіріп, екінші хатшы ғып сайлағанды да көргенбіз" – дейтін әкелеріміз, – "аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен сол сабаздар ұрттап алған кезде аттыға жол, ауыздыға сөз бермей-ақ аудан, ауылда кәдімгідей зіркілдеп, қамшы үйіріп басқарды. Бірінші хатшы, бірінші деген аты болмаса, әлгі жирен шаштың ауанынан шыға алмайтын".
Жарайды делік, ол кез өтті-кетті, енді тарих..
Тәуелсіздік жылында туғандар тәуелді заманнан мақұрым. Санасы таза, танымы, талғамы өзгеше. Біздің гөй-гөйімізді тарихтан біледі, ата-әжелерінің әңгімелерінен естіген.. Өзіндік пайым-түсінігі бар..
Қазақта бұрын "Он үште – отау, он алтыда – орда иесі" депті. Елде тектілерден он алты жастан-ақ қабілет-дарынымен көзге түскендерден хан, би сайлағанын білеміз. Қазақтың үш биінің үшеуінің де ата-бабасы текті болған. Қаз дауысты Қазыбек 16 жасынан бастап қазақ елі басынан кешірген тағдыр талайына араласқан, орта жүздің төбе биі. Ал әрі батыр, әрі шешен Жәнібек Қошқарұлы – Төле биден, Сырым Датұлы – Малайсары биден бата алып, жол ашқан. Ғасырлар бойы ел басқарған, ел қорғаған небір ой мен қол батырлары үшін даналардан ақыл-кеңес сұрау, бата алу – тектілік емтиханы болған.
Бұл заманда тектіліктің барометрі, білім мен білігіңді сынап, тергеп, мансаптың майлы жілігін ұстатын – тест. Күні кеше сол тест "А" тобындағы небір аймүйізділерді астындағы атынан аударып тастады. Компьютер тектілігіңе қарамады, ептілігіңе қарады.. Қайтесіз, заман солай, биді, яки абызды да тезге салатын технология…
Тектілікті тестен сұраңыз..
Жанұзақ Аязбеков