Мысыр, Хургада, Перғауындар мекені
Тәйірі, кім қайда бармай жатыр. Бүгінде жұмыр жердің әр түстігіне ың-шыңсыз барып-келіп, күнделікті тірлігін тізгіндеп жүргендер көп. Тіпті Түркияңыз екінің біріне зерігіп кеткенде шауып барып, шауып келетін иек астындағы ауылға айналғандай. Ал, Дубай, Араб Әмірліктері, Тайланд, Сингапур, Малайзия таңсық болудан қалып барады..
Сәті түсіп біз де биыл Мысырға бардық. Сол баяғы қазақтың "әркімге туған жері – Мысыр шаһары" дейтін Мысыр, Перғауындар елі, Пирамидалар, Ұлы Ніл өзені. Соңғы жылдары атыс-жарылыс, бейқұт өмірі өрім-өрім дейтін аймағынан айдалада, Қызыл теңіздің жағасы жаймашуақ, мамыржай тірлік екен. Ұшақ Хургада қаласының әуежайына қарай төмендей бастағаннан-ақ, қылдай қылтанағы жоқ, ұзыннан- ұзақ созыла селбескен сусымалы, құмды қырат-жоталарды көргенде нағыз құмкешу басталатындай көрінді. Құм-тақырға салған әуежайға келіп қонғаннан-ақ, египеттіктерді асырап өлтірмей отырған туризм бе деп қалдық. Бір мезгілде келіп қонған 5 месқарын аэроұшақтан түскен халық ығы-жығы мипаланып, әуежай құмырсқаның илеуіне айналды да кетті.
Хургада – мысыр еліндегі ең танымал демалыс аймағы, шағындау қала екен. Мұндағы демалыс сарайлары мен қонақжайларының саны 200 ден асып жығылады. Біз тоқтаған отельдің аты – "Мәмлүк" екен. Таныс, жылы сөз. Сонау бір ғасырда атақты Бейбарыс бабамыз, мәмлүк жауынгері осы Мысырды билеген. Қонақүйдегі қызметші арабтардан Бейбарыс бабамыз туралы не білесің дегенде, патша болған деп қысқа ғана жылы, жымия жауап бергеніне ішіміз жылып қалды. Мұнда, алдымен байқағанымыз – ағылшын тілінің дәурені жүріп тұр. Арабтар біздің орысша білгеніміздей, ағылшын тіліне мұқтаж. Мектептен үйретеді, көбі біледі. Екінші орында – араб, үшінші – неміс, төртінші – орыс тілі. Туристердің басым көпшілігі – Еуропадан.
Көшедегі жазулар аралас-құралас: арабша, ағылшынша. Арабтар оңнан солға қарай жазады. Бірақ сандары солдан оңға қарай жазылып, оқылады. Хургадада таксидің сарғыш түсті бір ғана фирмасы бар екен. Соның өзі мың-мыңдаған туристерге қызмет көрсетеді. Бензин су тегін, теңгеге шаққанда литрі – 20-25 теңге. Тағы бір арзан – электр энергиясы. Кезінде КСРО салып берген Асуан ГРЭСі бүткіл мысырды жарыққа қарық қып тастапты. Тек ұлы Нілдің (ұлы болатыны дүниедегі ең ұзын өзен – 6671 км) кезінде еркін жүзген крокодилдері осы тоспасудың кесірінен құрып біткен көрінеді. Ал Қызыл теңіз – мысырлықтардың байлығы. Мөп-мөлдір. Сүңгіп кеп жіберсеңіз су астының бар қазынасын алақаныңыздағыдай көресіз.
Арабтар "Каир – мысырдың бет жүзі, Луксор – жүрегі" дейді. Луксор – көненің көзі. Хургадан 250 шақырым. Ніл өзені екі жағалауындағы тірілер мен өлілер қаласы! Луксорда аты әлемге аян Қарнақ храмдар кешені, перғауындардың ішіндегі жалғыз әйел-патшайым Хатшепсут храмы бар. Қарнақ кешеніндегі Амон-Ра храмы қойлар статуяларынан басталады. Ра құдайы о баста қой болған. Осы кешенде қаз-қатар тізілген 66 қой басты сфинкстер көз тартады. Талай ға-сырлар бойы дүмпу-соққылар мен бүлдіргілерге шыдас беріп, аман қалғанына таң қаласың. Кей жылдары оларды қиратып, талай фабрика-зауыттарға материалдарын пайдаланғанына қарамастан қалғанының өзі бір төбе.
Тағы бір елең еткізер ескерткіш – Скарабей қоңызы. Аралап жүргенде кенет гид біздің қатарымыздағы әйелдерді бөлек жинап алып кеткен. Сөйтсек, ол әйелдерді сол қоңыз ескерткішіне апарып, сыртынан айналдырып жүргізіп қойыпты. Мәнісі – айналып жүргенде не тілесең сол орындалады-мыс: бала көтермей жүргендер бала көтереді, бақытын таба алмағандар табады деген сенім бар екен. Луксорда викториан стилінде салынған көне отель "Қысқы сарай" бар. Бір кездері Агата Кристи "Смерть на Ниле" романының бірнеше тарауларын жазған. (кейін осы Луксорда сол роман бойынша фильм түсірілді.).
Бір таңқаларлық көрініс: мысырдың қаласы мен даласындағы үйлердің басым көпшілігінің шатыры жоқ немесе салынып бітпеген. Мұның сыры мысыр заңы бойынша салынып бітпеген үйге мемлекет жылжымайтын мүлік салығын сала алмайды екен. Ал бала туу жағынан Египет әлемде алдыңғы қатарда.
Мысырлықтар ішуге, түтіндетуге кет әрі емес екен. Кафе, шәйхана, асхана әйтеуір тамақ ішетін орындарда кальян тартып отырған жұртты көресіз. Ал мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық орындарда темекі шегуге рұқсат жоқ.
Мысырда дүние жүзінде ең алғаш рет құлып пен кілт, тарақ пен қайшы, тіс щеткасы мен пастасы жасалған. Тұңғыш сыра қайнатқан, әйнек те жасаған мысырлықтар. Басқа киетін парикті де мысырлықтар ойлап тапқан. Көгершіндерді пошта тасуға алғаш үйретіп пайдаланған да египеттіктер. Екі қабат болуға қарсы дәріні де жасап шығарған, жыл он екі ай күнтізбені де ойлап тапқан, айта берсе базаралы дүниесі көп. Мысырда осындай ғажайып жерлерден алған жақсы көңіл-күйіңізді саудагерлері су сепкендей басатыны жаман! Көшеге шығып, қарыс қадам бассаңыз болды, магнитше жабысып ығырыңызды шығарады. Сондағысы кәде-сыйлар, көй-лек-көншек. Әсіресе, орыс тілділерге үйір. Оларға ашуланып береке таппайсыз. Қайта қырсыққа тап боласыз. Дұрысы жымия күліп жөніңізге кеткеніңіз дұрыс.
Бір қарағанда мысыр халқы қазекең сияқты қонақжай, аңқылдақ, қайрымды көрінеді. Бірақ тұрмыс тауқыметі тұралатқан өңірлеріндегі жұрттың көзінен қайтсем қарын тойдырам деген үрейлі ұшқынды аңғарасың. Құм басқан сайын даласына бір кездері мәңгі жұмақ орнатамыз деген перғауындар арманына бөленген египеттіктердің қазір санасында "қайткенде адам адам болып қалады" деген сауал тұр.
Жанұзақ Аязбеков