«Еңбек даңқы» кітабы тың есімдермен толықты

Қарабалық ауданында әр түрлі сала бойынша еліне еңбегі сінген қайраткерлер аз емес. Өңір тұрғындары өзінің жігерлі еңбегімен үлкен жетістікке жеткен азаматтарын «Еңбек Даңқы Кітабына» енгізді. Аталмыш ауданның еңбек ерлеріне деген ерекше құрмет өнермен өріліп, өлеңмен өрнектеліп, кітапты салтанатты түрде Федоров ауданына табыс етті.ЕДК
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен жүзеге асқан жарқын жобалардың бірі «Еңбек даңқы кітабының» эстафетасына  Қостанай облысының құрылғанына 80 жыл толғандығы мұрындық болған болатын. Былтыр үйлес жоба Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай адамзат тарихындағы ең сұрапыл кезеңнің қаһармандарына арналған еді. Ал ендігі жобаның аясында Қостанай облысының қалыптасып, гүлденуіне елеулі еңбек еткен ерен ерлерді тауып, қызықты, танымдық материалдар жинау  атқарылмақ.  Кітапқа қалтқысыз қызметінің арқасында елге сыйлы, өскелең ұрпаққа үлгі 122 жерлесіміз енгізілді. Мерекелік іс-шараны Қарабалық ауданының әкімі Қанат Ғабдулин ашты. Аймақ басшысы өз сөзінде аудан көлемінде қажырлы қызмет жасаған даңқты тұлғалардың  қарасында қисап жоқтығын және олардың дені аға буын өкілдері екендігін атап өтті.
Негізгі ойы жастардың санасына адамгершілік және патриоттық рухты қалыптастыру болып табылатын жобаның бастау алғандығы жайлы ақпарат  өткен жылдың сәуір айында газет  беттерінен жарық көрген болатын. Облыс өңірлерін тегіс аралап, еңбек шежіресімен толтырылатын кітапқа материал жинауға Қостанай облыстық ішкі істер басқармасы, облыстық ардагерлер кеңесі, ауылдық жерлердің әкімдері белсенді атсалысты.  Қарабалық ауданының тұрғындары да қалыс қалмай, аймақтың дамуына үлес қосып, ауданды түлеткен азаматтардың суреттері мен құжаттарын әкімдіктің ішкі саясат бөліміне тапсырып жатты. Олар Кеңес Одағы кезінен бастап, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның Еңбек Ері атанған, Еңбек Даңқы орденінің толық иегерлері және басқа да еңбек адамдары. Осы кісілердің еңбегінің жемісі – тасы өрге домалап тұрған, қарқынды дамып, өз дәстүрлерімен танылған Қарабалық ауданы.
Еңбек Даңқы кітабы бірнеше томда қайта басып шығарылатындығын жобаның бастамашысы, Қостанай қызмет көрсету колледжінің директоры Жанділдә Маканов мәлімдеді. Облыстық ішкі саясат басқармасының бұрынғы басшысымен  бірге жиынға облыстық құжаттама және мұрағат басқармасының жетекшісі Гүлжән Мендекінова,облыстық білім басқармасының, облыстық ардагерлер кеңісінің өкілдері  қатысты.Осылайша қарабалықтықтар «Еңбек эстафетасын» жоғарғы деңгейде өткізді. Және жергілікті өңір еңбек ерлерінің есімдері енгізілген жылнаманы Федоров ауданына табыс етті.Енді, Тобыл топырағының тағылымға толы топтамасы федоровтік тау тұлғалармен толықпақ. 
 
Алмас БАЙДЫРАХМАН

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓