Отандық кәсіпкерлерге басымдық берілуі тиіс
Облыста егіс жұмыстары аяқталуға жақын. Ауа-райы осы қалпын сақтап тұрса, мамыр айының соңына дейін көктемгі дала жұмыстарын толық бітіреміз дейді шаруалар. Бүгінгі таңда облыс диқандары барлығы 3 млн.гектар алқапқа дән сіңіріп үлгерді. Яғни, тұқымның 70 %-і себілді. Тобыл өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР ауылшаруашылық министрі Асқар Мырзахметов егістікті аралап, сол жерде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті.
Шаруалар жаңа тағайындалған министрге өздерін толғантқан бірқатар сауалдар қойды. Әсіресе, жерді отандық кәсіпкерлерге жалға беру мерзімін сақтап қалу, егістіктің әр гектарына бұрынғысынша субсидия төлеу т.б. толып жатқан мәселелерді көтерген диқандарға астаналық мейман нақты жауаптар қатты.
Рас,мемлекет ауылшаруашылық саласын жан-жақты қолдап отыр. Жыл сайын науқандық жұмыстарды өткізуге Үкіметтен жеңілдетілген бағамен жанар-жағар май ұсынылады. Биыл да қостанайлық шаруалар мұндай көмектен құр алақан қалған жоқ.
Әйтсе де, шаруа адамдарын алаңдатқан мәселе аз болмай шықты. Әсіресе,бұрынғысынша алқаптардың әр гектарына демеуқаржы төлеу мәселесінің нақтылығын анықтап алғысы келеді, кәсіпкерлер.
-Біз қазір тиісті Заңнамаға қандайда бір өзгерту енгізудің жолын көріп тұрған жоқпыз. Оңай шаруа емес. Бұл жыл аяғына дейін өзгеріссіз қалуы да мүмкін. Қолдағы қаржыны ешқайда бермей, ұстап отырғаннан еш пайда өнбейді. Сондықтан, алқаптың әр гектарына субсидия төлеу мәселесінде еш кедергі жоқ. Бұрынғы ереже сол күйі сақталынып отыр,-деді Асқар Мырзахметов.
Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштарды өз еліміздегі кәсіпорындардан сатып алған жағдайда 50%, ал шетелдік өндірушіден сатып алғанда 30% субсидия төленеді.
Егістік басынан оралған Министр іле Қостанай ұн комбинатына аялдап, өндіріс ошағының жұмыс барысымен танысты. Осы жерде ол облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен жиын өткізді. Мәртебелі мейман алдында облыс әкімінің бірінші орынбасарыц Ғауез Нұрмұхамбетов жер реформасына қатысты облыста жүргізіліп жатқан шаралардың барысымен қысқаша таныстырды. Бұдан соң облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Министрге өз ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, кеңес төрағасы Сайран Бұқанов ұзақ жылдардан бері жерді жалға алып, халықты жұмыспен қамтып отырған отандық кәсіпкерлер үшін жалға алу мерзімін сақтап қалу мәселесін алға тартты.
-Жерді сатып алушылар болса, ала берсін. Бірақ, мына біз сияқты ұзақ мерзімге жалға алып отырған жандардың да жағдайын біріңғайлап алған жөн. Кейін олар үшін сатып алу құқығы сақталса құба-құп. Жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесіне де ат-үсті қарауға болмайды. Әбден кесіп-пішіп барып шешкен дұрыс болады, меніңше,-деді білікті ауылшаруашылық маманы. Мұның бұл ұсынысын әріптесі Борис Князев те қолдады. Ал, қоғамдық кеңес мүшесі Кенжебек Үкіұлы жер сату немесе оны шетелдіктерге жалға беру шарасына Елбасы дер кезінде мароторий жариялағанын айта келіп, мәселені о баста ушықтырмау қажеттігін тілге тиек етті.
-Жерді сатуға Елбасының мароторий жариялағаны өте дұрыс болды. Әуелде «Жер туралы» Кодекске өзгертулер енгізгенде біздің халықтың менталитетін ескеру қажет еді. Біздің қазақ жер үшін жанын қиюға әзір. Бұған о баста терең үңілу керек еді. Халыққа әбден түсіндіру керек-ті. Сосын облыстардағы Жер инспекцияларының жұмысына барынша пәрмен берген дұрыс қой деп ойлаймын. Олар жерді сатып алған немесе жалға алған адам қалай жұмыс істеп жатыр? Соны жан-жақты тексерсін. Жалпы, біздің қоғам жерді сатуға дайын емес. Мүмкін, оны 49 жылға жалға беруге, одан әрі бір жолы сатып алу құқығын сақтаған жөн шығар.Жерді шетелдіктерге жалға беруде шекаралық аймақтан тыс елдердің азаматтарына ұсыну керек пе. Қайткен күнде, істің байыбына бармай, қоғамдық мәселеге нүкте қоюға болмайды,-деді Кенжебек Үкіұлы.
Бұл ретте, ҚР ауылшаруашылық министрі қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірлерімен келісетіндігін жеткізді. «Қазір Үкіметтің жанынан Жер реформасы туралы комиссияның құрылғанын білесіздер. Олар осыған дейін екі рет кеңейтілген жиын өткізді. Отырыста әр азаматтың, бұқара халықтың айтқан пікірлері талқыға түсті. Бұл шара әлі де жалғаса береді. Жақын күндері комиссия мүшелері ел ішін аралап, халықпен кездеседі. Тіпті, бұл мәселе, облыстық, аудандық қоғамдық кеңестердің деңгейін де жан-жақты қарастырылуы тиіс»-деді Асқар Мырзахметов жиын соңында.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ