«Киелі жерім – қасиетті елім!»
Бүгін Н.Дәулетова атындағы Сарыкөл аудандық орталық кітапханасында осындай атаумен Қостанай облысының 80 жылдығына орай кітап көрмесі өтті.
Бұл күні «Алтын астық аймағы», «Қостанай – тың планетасы», «Қостанайдың тарихы», «Қостанай: кеше, бүгін, ертең», «Қостанайлықтар – тыл ерлері» секілді кітаптар сөрелерде самсап тұрды. Қостанай туралы туындылардың бәрі де оқырмандардың ерекше ықыластарын тудырды.
Мұндағы мақсат – рухани әлеміне терең бойлай отырып, Қостанайдың түп тарихын өскелең ұрпаққа түсіндіру болды.
Тағылымды шараны аталған мекеме директоры алғы сөзімен ашып:
-Біздің кітапхана дәл осындай даталарды кеңінен насихаттап келеді. Жыл бойы жоспарға сай рухани-мәдени іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бүгінгі де соның бір белгісі іспеттес. Яғни, облыстың 80 жылдығына оарй ашылған кітап көрмесі жыл бойы жалғасын таппақ. Әсіресе, бұның жас ұрпақ үшін берері мол, – деді өз сөзінде Солдат Дүтпаев.
Сондай-ақ, Сарыкөлдің білім саласына қомақты үлес қосқан ардагер ұстаз Қаду Сақауов, «Аққозы қажы» мешітінің бас имамы Дәулетбай қажы Әбдіхалық және өлкетанушы Валерия Стародубтар құтты мекен – Қостанай туралы ой қозғап, оқырмандармен бөлісті.Айта кеткен абзал, бұл шараға аудан орталығындағы Сарыкөл, Урицк, №1 Урицк және Ново-Урицк орта мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары және колледж тәлімгерлері мен студенттері қатысты. Ауылдан да адамдар арнайы келді.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.