Бұл заман – білімдінікі
Өнеркәсіп саласында техникалық революция жасап, еңбек өнімділігін бірнеше есе арттыру – заман талабы. Сондықтан кен алыбына көкірегі ояу, ойы озық, болашағы зор қабілетті жас мамандар қажет. Рудный индустриялық институты студенттерімен кездесуінде «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев осылай деді.
Алдымен бірлестік басшысы оқу орнының зертханаларын аралап, материалдық-техникалық базасымен танысты. Мәселен, факультетаралық инновациялық технологиялар зертханасында Береке Сағатұлына бірнеше құралдар-жабдықтар көрсетіліп, олардың оқу процесінде қалай пайдаланылатындығы жайлы сөз етілді. Айта кетерлігі, тау-кен жабдықтарында қалдық ресурстарды бағалауға арналған виброметр, түрлі материалдарды 5 тонналық қысыммен сынауға арналған стенд пен «ЗD Атлас» бағдарламасы ССКӨБ-тің демеушілігімен сатып алынған.
Студенттердің пікірталас алаңына айналған «Мәңгілік ел» орталығы жайлы институт қызметкері Оксана Денашева баяндады. Ол болашақта комбинат жастары да орталықтың жұмысына белсене араласса деген тілегін білдірді.
Одан әрі кәсіпорын басшысы білім ордасының студенттерімен кездесіп, оларға арнап дәріс оқыды. Кездесуді ашқан институт ректоры Әбдірахман Найзабеков:
– ССКӨБ – көп жылдан бергі біздің сенімді серіктесіміз, әрі басты жұмыс берушіміз. Себебі кен алыбында машықтанудан өткен түлектеріміздің көбі кейіннен осында жұмысқа тұрып жатады. Сондай-ақ бірлестіктің жыл сайынғы қаржылық қолдауы арқасында жоғары білімді ғылыммен, өндіріспен ұштастырып, білікті мамандар даярлауда алда келеміз, – деді.
Еуразиялық Топтың (ERG) құрамына кіретін қала құраушы кәсіпорын мен Қазхром ТҰК, Краснооктябрь боксит кен орны, Қазақстан Алюминийі, Қазақстан электролиз зауыты Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы сияқты компаниялардың тыныс-тіршілігі жайлы Береке Мұхаметқалиевтың өзі тарқатып айтты. Ол осы компанияларға жұмысқа орналасу үшін бүгінгі жастарға қойылатын талап жоғары екендігін атап өтті.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «Бұл заман – білекке емес, білімге сенетін заман» деген болатын. Институтта студенттердің жан-жақты білім алып, тұлға ретінде қалыптасуына барлық жағдай жасалғанына көзім жетті. Осының барлығын тиімді пайдалану – сіздердің еншілеріңізде. Біз жақын болашақта өнеркәсіп саласында техникалық революция жасауды жоспарлап отырмыз. Сондықтан үздіктердің үздігіне ғана есігіміз ашық, – дей келе жастарды білім мен ғылымға шақырды.
Бірлестік президенті әлемдік дағдарыстан ең мықты компаниялар ғана аман-есен шығатындығын айтып, еңбекті қорғау саласындағы түйткілді мәселелерді де сөз етті. Экономика және қаржы жөніндегі вице-президент Сәтжан Темірғалиевтың оқыған баяндамасы көпшіліктің қызығушылығын тудырғаны анық. Әйгілі Оксфорд университетінің түлегі кен алыбының стратегиялық міндеттеріне егжей-тегжейлі тоқталып, қолға алынып жатқан шараларды жіпке тізіп берді. Кездесу соңында студенттер қонақтарға сұрақтарын қойып, тиесілі жауаптарын ала алды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ.