Бір үміт, бір күдік сейілгенде…

  Облысымызда  мектеп бітіруші оқушылардың ҰБТ тапсыруы аяқталды. Облыстық білім басқармасының  мектепке дейінгі және жалпы орта білім беруді дамыту бөлімінің жетекшісі Сара Еришованың айтуынша,  апелляциялық комиссияның нәтижесін қоса есептегенде,  оқушы балалардың ҰБТ-ден жинаған орташа баллы – 83,86. Алдыңғы үш күндегі көрсеткіш 83,81 болатын.  «Алтын белгіден» 102 мектеп бітіруші оқушының   49 дәлелдеп шықты, көрсеткіш сол қалпында қалды. Осы қырық тоғыз баланың  жиырма екісі қазақ тілді оқыту мектептерінен болса, жиырма жетісі орыс тілді мектептерінен. Мысалы, Қостанай қаласындағы С.Мәуленов атындағы гимназияның оқушысы Әсел Жолбарысова, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының екі оқушысы Аида Күлмағанбетова, Әлішер Байғазин өз білімдерін дәлелдеп, «Алтын белгіге» ие болды. Облыс көлемінде   Жанкелдин, Аманкелді, Науырзым, Меңдіқара, Қостанай, Әулиекөл аудандары мен  Арқалық, Қостанай қаласындағы қазақ мектептерінің  жиырма екі оқушысы  100-ден артық жоғары балл алды. Аз ба? Көп пе? Жалпы өңірімізде  үстіміздегі жылы ҰБТ-ге 2541 оқушы қатысты, ал, мектепті болса 4265   түлек оқушы бітірді.  Сонымен қатар Әулиекөл ауданы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектебінің оқушысы Аружан Омарова 123, Қостанай ауданы Глазунов орта мектебінің оқушысы Әйгерім Қытайбекова 121 баллға ие болды.  Үстіміздегі жылғы  мектеп бітіруші түлектер көбінесе таңдау пәніне келгенде,  биология, география, физика пәндерін  таңдап алған.  Биылғы сапа көрсеткіші-48,96 пайыз, өткен жылға қарағанда  7,29 пайызға жоғары. Өкінішке қарай, елу оқушы  «қанағаттанарлықсыз» бағаға ие болды.  Ал, 311 оқушы шектік «50» баллдан өте алмады, олар жоғары оқуға түсемін десе, ағымдағы жылы қайта кешенді тестілеу тапсыру арқылы жоғары оқу орындарының ақылы негізде оқуға түсуге құқысы бар.  Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында ұялы телефонды, шпаргалканы алып қою секілді жағдайлар болды.
 
Гүлназым САҒИТОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓