Өкінішке қарай, “белсенді” бестіктеміз
Мамыр айының басында келіп түскен ақпарат бойынша, Қостанайда "суицид" атты суық өлім статистикасы сұмдық: облысымыз жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаушылар саны бойынша республика көлемінде бестікте келе жатыр. Жыл басынан бері өмір көрмей ажалға соншама асыққан жастардың 10 суицидтік жағдайы тіркелген, оның екеуі өмірмен қош айтысса, енді сегізі осындай қадамға бармақ болған. Ал қалалар мен аудандардың ішінде «үздігі» – Рудный…
Соңғы екі жантүршігерлік оқиға әлі есімізде. Оқу жылының басында қараусыз қалған тоғыз қабатты үйдің шатырынан 15 жасар тоғызыншы сынып оқушысы секіріп, көз жұмды. Баланың бойынан мектеп психологы мен мұғалімдер ешқандай ауытқу байқамаған, тек оның өлімінен кейін ғана белгілі болғанындай, жеткіншектің әлеуметтік парақшасында суицид жайлы жазбалар көбейіп, суреттер жариялаған.Одан кейін ол ғұмырын кері қарай санай бастапты. Өлген сәті де сол уақыттың аяқталуымен тұспа-тұс келіп тұр. Марқұм "Вконтакте" әлеуметтік желісіндегі «Суицид» атты топқа тіркелген екен. Ерік берсе, ауаны да сатып, ақша жасағысы келетін қуаяқтардың өзін-өзі өлтірудің түрлі тәсілдерін жайып салып, кәдімгідей сайттар ашып алғанының «арқасында» 2015 жылдың маусым айында, тағы бір 15-жасар жеткіншек өмірін өз қолымен қиған. Ал жақында, 2016 жылдың сәуір айының басында, өмірден өз еркімен 16-жасар оқушы қыз озып кетті – бойжеткен үйінде асылып қалыпты. Өмірінің құнын көк тиынға бағаламаған қыздың өліміне интернет-ресурстардың қатысы жоқ екені анықталды. Бұл оқиға ізін ала бере тексерілді. Қайтыс болған қыздың таныстары бұндай тәуекелге бару себебін түсініп отыр, бұл баянсыз махаббат, тіпті алғашқы сезімдерінің "сәтсіздікке ұшырауы" болуы да мүмкін..
Қостанай облыстық ІІД мәліметтері бойынша өткен жылы өңірде суицидтік жағдайлар 36%-ға өскен, яғни 15 өлім тіркелген екен. 2014 жылға қарағанда төртеуге көп. Ал, дәл осындай қадамға бармақ болған адамдар саны 2015 жылы 23 болса, 2014 жылы 54 адамды құраған. Ағымдағы жылы облыс аумағында кәмелеттік жасқа толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсағысы келген 8 жеткіншек тіркелген. Сәті түсіп, бәрі де тірі қалыпты. Ал Рудный қаласындағы өз-өзіне қол жұмсаған үш жасөспірім интернетте суицидке итермелейтін сайттарға, топтарға жазылғаны белгілі болды.
Алмас Байдрахманов
Мамыр айы. Маусым басталған жоқ қой