Сазгердің құрметіне арналған ән байқауы
Торғайдың Шәмшісі атанған талантты сазгер, Қазақ КСР – іне еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Болат Хамзиннің туған күніне орай “Таланттарды іздейміз” атты ән байқауы өтті.
Бұл байқаудың жоғары дәрежеде өтуіне сазгердің есімімен аталатын өнер мектебінің ұжымы мұрындық болды. Жыл сайынғы дәстүрге айналған ән байқауы осымен 14-рет ұйымдастырылып отырғандығын айта кеткенімізде абзал. Байқауға 3-15 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысып, барлығы 17 үміткер киелі сахнада өнер көрсетті. Байқаудың ережесі бойынша үміткерлер сазгердің бір әнін және өз қалауларымен басқа да сазгерлердің патриоттық әндерін әуелетіп шырқады. Байқау барысында ән ырғағынан ауытқып, мәтіндерін ұмытып жатқан үміткерлерге қарап, дайындықтың аздығын аңғардық. Бұл, әрине, мектеп оқушыларының кінәсі емес, ән-күй пәнінің мұғалімдерінің ізденістерінің жоқтығы. Алдағы уақытта кеткен кемшіліктердің орны толады деп өзімізді жұбаттық.
Сонымен, байқаудың нәтижесі бойынша, 1-орынды Ғ.Қайырбеков атындағы орта мектептің оқушысы Жангүлім Тынымбай жеңіп алды. 2-орынды Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушысы Жанерке Кәдірбек иеленді. Ал 3-орынды қанағат тұтқан Албарбөгет орта мектебінің оқушысы Аружан Сейдахмет келесі ән байқауларында топтан озып, мектебімнің намысын қорғаймын деп сенім білдірді. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушысы Әлшер Нұрмұхамбет және Н.Иванов орта мектебінің оқушысы Роман Аймет ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Сазгердің қызы, Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің директоры Гүлзат Хамзина көрермендердің көзайымына айналған Нұрзат Дәркеге, Наргиза Мүгілсімге және Мұрат Болатқа ақшалай сый-сияпат жасады.
Байқау үміткерлері мен қазылар алқасы естелік суреттерге түсіп, мәре-сәре болып тарқасты.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ,
Жанкелдин ауданы.