Түнгі қаладағы балалар
20 мамырдан бастап Рудныйда «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасы басталмақ. Бұл туралы қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері мәлімдеді.
Түнгі кезбелік балалар мен жасөспірімдерді тез жолдан тайдырады. Түрлі заң бұзушылықтардың да көбісінің түнгі мезгілде болатыны жасырын емес. Оның үстіне, бейресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде тіркеліп отырған қылмыстық әрекеттердің 20 пайызы жастардың қатысуымен болады екен.
Шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу және жолын кесу, балалар және жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс орындарда болу фактілерін анықтау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ жасөспірімдерді қоғамға жат әрекетке тартатын ересек адамдарды анықтау.
Іс-шара аясында әр аптаның жұма және сенбі күндері ювеналдық полиция қызметкерлері прокуратура, білім бөлімі және үкіметтік емес ұйым мүшелерімен бірлесіп, жастардың көпшілік жиналу орындарында кәмелет жасқа толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс орындарда болу фактілерін анықтау бойынша рейд жүргізбек.
– Жыл басынан бері біз 98 жасөспірімді 442 бап бойынша әкімшілік жазаға тарттық. Алдымен, құқық бұзушыға ескерту жасалынады. Егер бір жыл ішінде бұл қайталанатын болса, ата-анаға 15 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде айыппұл салынады. Жалпы, қолға алынып жатқан шараларды сараптай келе, құқық бұзушылықтар бірте-бірте азайып келе жатқандығын байқаймыз, – дейді Рудный қалалық ІІБ Ювеналдық полиция тобының учаскелік инспекторы Құдайберген Қадырбаев.
Одан басқа, іс-шара барысында полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп, барлық қалалық мектептерде оқушылар үшін құқықтық тақырып бойынша әңгімелер, дәрістер және дөңгелек үстелдер өткізуды жоспарлап отыр.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ