Жаңа кешендер табыс етілді
Қазақстанның төрт солтүстік өңірінің ауылдық медициналық ұйымдарына заманауи технологиялармен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер табыс етілді.
Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов басшылығымен отандық өндірістің 24 жылжымалы медициналық кешені (бұдан әрі – ЖМК) еліміздің төрт солтүстік өңіріндегі аудандық ауруханалардың қызметкерлеріне салтанатты түрде табыс етілді.
Вице-премьер Е.Тоғжанов құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы мен Үкімет атынан еліміздің барлық медицина қызметкерлеріне қажырлы еңбектері үшін шын жүректен алғысын білдірді. Ел басшылығы сапалы медициналық көмек көрсету үшін ауруханаларды заманауи медициналық жабдықтармен жабдықтау бойынша шаралар қабылданғанын ерекше атап өтті.
ЖМК отандық автокөлңк негізінде құрылған және көшпелі жағдайда азаматтардың денсаулығын зерттеудің кең спектріне арналған. Кешен сандық құралдармен жабдықталған 7 мамандандырылған кабинеттен тұрады: жалпы қабылдау кабинеті, жалпы практика дәрігерінің аймағы, талдауларды қабылдау аймағы, дәріхана пункті, функционалдық диагностика тестілері, акушер-гинеколог кабинеті, сәулелік диагностика кабинеті.
Сонымен қатар, мобильді медициналық орталықта арнайы қорғасынмен қапталған бөлме орнатылған, онда рентген және флюорографияны қауіпсіз жасауға болады. Жүйенің бөгде адамның жәрдеміне мұқтаж адамдар үшін инфрақұрылымдық жүйемен жабдықталуы өте маңызды – пандус-лифт мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдауды қолжетімді етеді.
Аталған кешендер аудан орталықтарынан 100 км астам қашықтықта орналасқан ауылдық округтерде медициналық қызметтерді жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылдың 23 қазанына дейін Қазақстанның өңірлері 100 ЖМК-мен қамтамасыз етіледі.
Өз кезегінде медицина қызметкерлері мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқанына зор ризашылық сезімдерін білдірді. Осындай кешендердің арқасында дәрігерлер ауыл тұрғындарына сапалы көмек көрсетіп, Қазақстан азаматтарының денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығын жақсарта алатынын атап өтті.