Бәрі – ауа райына байланысты
Облыста егіс жұмыстары қарқын алды. Ауа-райының алабұртып тұрғанына қарамастан барлық ауданда дала жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Тек, алдыңғы күндері Жітіқара, Денисов аудандарының алқаптарына жауын-шашын мол түскендіктен, шаруалар жұмысты уақытша доғаруға мәжбүр болды.
Жалпы, биыл Тобыл өңірінде барлығы 4 млн.700 мың.гектарға дәнді дақылдар себіледі. Бүгінде соның 500 мыңнан астамына сапалы тұқым сіңірілді. Сондай-ақ, егістік көлемінің алпыс процентіне картоп, елу процентіне түрлі көкөністер және жиырма бес процентіне майлы дақылдар егілмек.
-Дала жұмыстарын атқаруда әзірге Әулиекөл, Аманкелді аудандары алда тұр. Соңғысында көктемгі егіс жұмыстары 30 процентке орындалды,-дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы Сәлімжан Есенаманов.
Шаруалардың дені жеңілдетілген бағамен беріліп жатқан жанар-жағар майды тасып алды. Бұл жағынан еш іркіліс жоқ. Тек, ендігі жағдай ауа-райына байланысты. Мамыр айының соңы тағы жауынды-шашынды болуы мүмкін дейді «Қазгидромет» орталығының мамандары.
Егер табиғат тосын мінез танытпаса көктемгі дала жұмыстары 1 маусымға дейін аяқталуы мүмкін. Өткен жылы толассыз жауған жаңбырдың салдарынан егіс науқаны 15-ші маусымда әзер біткен еді.
Әлібек ЫБЫРАЙ