Торғай тынысы: жоспар жолға қойылды
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес бүгіндері барлық деңгейдегі әкімдердің халыққа есеп беру кездесулері өтіп жатқаны мәлім. Аудан-қаланың, ауыл-кенттің жыл ішінде атқарған жұмыстары тыңдалып, тың межелер қойылады. Артта қалған бір жыл ішінде шалғайдағы Жанкелдин ауданында қыруар шаруа еңсерілген. Аудан әкімі Шота Оспановтың айтуынша, әлеуметтік- экономикалық салада ілгерілеу басым.
Қаржы қайда жұмсалды?
Жанкелдин – жер көлемі бойынша облыстағы ең ірі аудан. Мұнда жайқалтып егін егуге, мыңғыртып мал өсіруге болады. Сандарға шақсақ, ауданда 12 мыңдай адам тұрады. Соның ішінде 5000 тұрғын аудан орталығында. Аудан экономикасының негізгі капиталына 1 млрд 302 млн теңге инвестиция тартылды. Өткен жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 136 млн теңгеге артқан. Бұл қаржының басым үлесі ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға, тұрғын үйлер құрылысына, шаруа қожалықтарындағы қора-жайларға, инфрақұрылымды дамытуға бағытталды.
– Былтыр жемісті жыл болды. Бюджет түсімдерінің жылдық жоспары 3 млрд 836 млн теңге болып бекітілді. Кейін трансферттер есебінен қаражатымыз толықты. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан шаруа қожалықтарын жарықтандыру, жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында «Астана Би Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен екі жақты келісім шеңберінде 133 кешенді күн сәулесінен қуат алатын батареялар орнатылды. Қазір 116 шаруа қожалығы осының қызығын көріп отыр. Алдағы уақытта да шаруалар өтініш түсірсе қажетті қондырғылармен қамтамасыз етеміз, – дейді аудан басшысы.
2019 жылы ауданда 323,2 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Бөлшек сауданың айналымы да ұлғайып, 255,6 млн теңгеге жетті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, оның ішінде ұн бағасын тұрақтандыру мақсатында «Тобыл әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» тұрақтандыру қорынан «Асалия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 35 тонна ұн алынып, аудандағы наубайханаларға және шалғайдағы елді мекендерге халыққа қолайлы бағамен жеткізіліп келеді. Аудан басшылығы бұл мәселені үнемі бақылап отыр.
Кәсібі – табысы
Жанкелдин ауданы экономикасын ілгерілетуде шағын және орта бизнестің үлесі мол. Өңірде 439 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. 610 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Осы тұста айта кетейік, Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында жыл басынан бастап, микро және шағын бизнес саласындағы кәсіп иелері табысы салығынан 3 жылға босатуға тапсырма берді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аудандағы 305 жеке кәсіпкер, 106 шаруа қожалығы, 4 шағын бизнес субъектісі табыс салығынан босатылды. Расымен де бұл деген кәсіпкерлердің шаруаларын дамытып, табыстарын көбейтуге үлкен серпіліс береді. Тек соны тиімді пайдаланса болғаны. 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жас кәсіпкерлерге табыс көзін табуға септігін тигізеді. Бағдарламаның бірінші бағыты аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға бюджеттен 8 млн 748 мың теңге бөлінген. Нәтижесінде 40 адам тапшы мамандықтар бойынша оқытылды. Олардың арасынжа шаштараз, электромонтер, жүргізуші, ЭВМ операторы, кондитер, аспазшы, тракторшы-машинист, электргазын дәнекерлеушілер бар. Ал осы бағдарламаның екінші бағыты бойынша 23 кәсіпкер мемлекеттік грантқа қол жеткізді, – деді Шота Сәбитбекұлы.
Аудан кәсіпкерлері инвестициялық субсидияның жемісін көріп отыр. Мәселен, «Тасқын», «Дүйсенбаев А.Б.» және «Мирас» шаруа қожалықтары 3 бірлік дөңгелекті МТЗ-82 тракторын сатып алған. «Тасқын» шаруа қожалығы трактор сатып алғаны үшін 1 млн 700 мың теңге, шөп түйетін пресс-жабдық алғаны үшін 725 мың теңге инвестициялық субсидия алды.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде Аида Жангелова 3 млн теңге грант алып, «Әдемі» балалар ойын-сауық орталығын ашты. Сонымен қатар Амангелді Байұзақов «Санжар» жиһаз жасау цехын кеңейтуге 2 млн 700 мың теңге грант иеленді.
Аудан экономикасының драйвері
Облыстың оңтүстіктегі аудандары негізінен ауыл шаруашылығы саласына екпін қоятыны белгілі. Осы стратегиялық маңызды бағыттың үлесі арқылы Жанкелдин өңірі экономикасы алға басып тұр. Былтыр ауыл шаруашылығы өндірісінде 11 млрд 688 млн теңгенің өнімі өндірілген. Бұл – «жер төсін емген» ауылдағы ағайынның ортақ жетістігі. Торғайдағы 138 шаруа қожалығы 700 мыңдай гектар жерді пайдалануда. Бұның ішінде егістік алқап – 32657 га, шабындық – 23604 га, жайылымдық жер – 623 264 га. Шота Оспановтың айтуынша, ауданда жерді мақсатты пайдаланылмай отырғандармен күрес күшейген. Былтыр осындай олқылықтарға жол берген кәсіпкерлерден 240 мың 459 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
– Жерді тиімсіз пайдалану өзекті мәселе болып отыр ғой. Қазір осыған байланысты үнемі арнайы талдау жасаймыз. Жерді әлі де тиімді пайдаланбай жатқандар бар. Сондықтан оларға жер алып, мал шаруашылығын дамытуға, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға, шаруалар бетбұрыс жасау керектігі насихатталуда. Жеріміз үлкен, соны дұрыс игеру қажет. Мәселен, былтыр 23 мың гектар алқапқа дән себілді. Жапы егіс жұмыстарына 700 тоннадан артық арзандатылған жанар май бөлінді, – деді аудан әкімі.
Соңғы жылдары аудан шаруалары мал шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөліп келеді. Мал басын ұлғайтып қана қоймай, оның сапалық көрсеткішіне де ден қойылуда. Жанкелдинде 35 мың бас ірі қара, 83 мың қой-ешкі,11 мың жылқы өсірілуде. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3 шаруа қожалығы 109 млн 800 мың теңгеге 171 бас «Абердин ангус» тұқымды ірі қара малын сатып алды. Жыл ішінде осы бағдарламаның аясында 4 шаруа қожалығы 1000 қой алды.
– Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығын өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасы бойынша 156 млн 917 мың теңге субсидия төленді. Оның ішінде отандық және импорттық асыл тұқымды ірі қара мал сатып алған үшін 19 млн 650 мың теңге қарастырылған. Ауданымызда 560 бас асыл тұқымды бұқа және 13696 бас ірі қара мал аналығы ИАС базасында тіркелген. «Тэрра» ЖШС-нен 505 бас бұқа жалға әкелінді, оның ішінде 328 бас – жеке аулаға, 177 бас – шаруа қожалықтарына, – дейді Шота Оспанов.
Өткен жылы қуаңшылыққа байланысты астық шығымы едәуір аз болды. Сол себепті облыс әкімдігінің қолдауымен 102 шаруаға мал қыстатуға барлығы 80 млн 345 мың теңге субсидия төленді. Торғайда мал тапсыру жұмыстары 2019 жылдың наурыз айынан басталды. Жыл ішінде барлығы 361 бас мал бордақылау алаңына жеткізілді.
Бәрі де халық үшін!
Сапалы ауыз су мен жол жайы алыстағы ағайын үшін шешімін таппай келген мәселе болған-ды. Кейінгі жылдары бұл істер жанданып, кешенді түрде орындалып келеді. «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы шеңберінде Торғай ауылына су тартуға республикалық және облыстық бюджеттен 448 млн теңге қаражат бөлінді. 2019 жылы құбыр тартылып, торғайлықтар сапалы ауыз суға қол жеткізді. Су жайы Қалам–Қарасу, Сарысу ауылдары үшін де түйткілді проблема еді. Енді бұл елді мекендерді ауыз сумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға облыстық бюджеттен 8 млн 556 мың теңге қарастырылды. Тоқанай ауылында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ауыз су құдығы салынды. Оған 1 млн 250 мың теңге жұмсалыпты. Шота Оспановтың сөзінше, өңірлерді дамыту бойынша нақты меже белгілі.
– Бәрі де халық үшін ғой! Жол мен су мәселесі ақырындап шешіліп келеді. Былтыр жергілікті жолдарды жөндеу және күтіп ұстауға 32 млн теңге жұмсалды. Облыстық маңызы бар Арқалық-Торғай тас жолының орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Шұбалаң-Қарасу автомобиль жолының Қарасу өзені арқылы өтетін көпіріне 126 млн 493 мың теңге бағытталып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Шұбалаң-Қарасу-Көкалат» аудандық жолының орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Алюминстрой» серіктестігімен 1 млрд 815 млн теңгеге шарт жасалды. 2019 жылға жоспарланған 513 млн. теңге толық игерілген. Қалған бөлігі 2020-2021 жылдары жалғасатын болады. Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен 19 млн 284 мың теңгеге Қайнекей Жармағанбетов көшесіне жаңадан асфальт жабындысы төселді. Мусин, Байқадамов көшелеріне жарық жүргізілді, – деп мәлімет берді аудан басшысы.
2019 жылы жеке тұрғындардың есебінен жалпы алаңы 343,8 шаршы метр тұрғын үй-жай пайдалануға берілген. Бұдан өзге елді мекендерді санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру айлығын өткізу бойынша саябақтар абаттандырылған. 130 мың шаршы метр аумақ қоқыстан тазартылды. Торғай селосындағы Дүзенов көшесі бойына 500 түп ағаш отырғызылды. Мұның бәрі халық тұрмысы үшін жасалып игі істер екені сөзсіз!
Жеті ауылға интернет жетеді
Жанкелдин ауданында инфрақұрылым саласы жаңа серпін алды. Бұған Торғай ауылыдағы «Жастар саябағының» ашылуы, Қ. Алтынсары көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған 250 шаршы метр тротуардың төселуі, «Торғай базары» сауда алаңының ашылуы, жаңадан бой көтерген аудандық прокуратура ғимараты осыған дәлел. Тағы бір жаңалық – 7 елді мекен жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтылады. Осы мақсатта мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік шеңберінде талшықты-оптикалық желі тартылып жатыр.
Әлеуметтік саланы қаржыландыруға айрықша көңіл бөлінуде. Өткен жылы балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне 10 млн теңгеге шағын автобус сатып алынды. Биыл Ақшығанақ ауылындағы Топаев орта мектебінің терезелері ауыстырылды. Бюджеттен бөлінген 3,8 млн теңгеге «Балдырған» балабақшасынын алдына ойын алаңы орнатылды. Ш.Уалиханов атындағы орта мектебінің спорт залының едендері ауыстырылып, осы мектептің шеберханасы жөндеуден өтті.
Ауданда дәрігер тапшылығы бар. Шота Сәбитбекұлының айтуынша, акушер-гинеколог, терапевт, жалпы тәжірибе дәрігері, фтизиатр, провизор мамандарға сұраныс жоғары. 2019 жылы сырттан келген екі дәрігер ауданға жұмысқа орналасты. Сондай-ақ аудан әкімінің грантымен медицина мамандығы бойынша үш студент жоғары оқу орындарында білім алмақ. Жалпы, ауданда бір орталық аурухана, екі ФАП және 17 медициналық пункт қызмет көрсетеді. Медициналық мекемелерде 15 дәрігер, 110 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Қазіргі таңда дәріхана қажетті дәрі-дәрмектермен қамтылған. Ай сайын «Аманат» ЖШС аудандық дәріханаға қажетті дәрі-дәрмектерті қамтамасыз етеді, жыл ішінде 19,5 млн теңгеге дәрі-дәрмектер алынған.
Шота Оспанов Жанкелдин ауданы әкімдігінің 2020 жылға қойған мақсат-міндеттерімен бөлісті. Әкім күнделігінде бірінші мәселе – 7 елді мекенді кең жолақты интернет желісімен қамту жұмыстарын аяқтау. Одан әрі аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша атқарылатын іс шараларды уақытылы және сапалы орындауға бар күшімізді саламыз. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін ұлғайту, шағын бизнес және қызмет саласында кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, халықты еңбекпен қамтамасыз ету, елді мекендерді абатандыруды жалғастыру, Қаратүбек орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізуге ықпал жасау менің тікелей міндеттеріме кіреді. Бұдан бөлек, жалпы ауданның хал ауқатын арттыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылығын қамтуға атсалысамыз, – деді Жанкелдин әкімі.
Шота Сәбитбекұлы барша торғайлықты әлеуметтік-экономикалық сала бойынша бірлесе жұмыс істеуге шақырады.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев