Техника сенімді, жұмыс өнімді
Компоненттерді жеткізу, олардан жарылғыш заттар дайындау және кеніштерде жару жұмыстарын жүргізу үшін ұңғымаларды оқтау. «ССКӨБ» АҚ осы міндеттерді мінсіз орындайтын су жаңа 9 араластыру-оқтау машинасын сатып алды. Құны 1,2 млрд теңгелік инвестжоба тозығы жеткен техникаларды жаңартуға мүмкіндік бермек.
Кез келген кенішті игеру алдымен бұрғылау және жару жұмыстарынан басталатыны белгілі. Сондықтан бұған жұмылдырылатын арнайы техника да сақадай сай болуы тиіс. «НИПИГОРМАШ» компаниясының бұл жабдықтары бірлестік мамандарына жақсы таныс. Өйткені осы іспетті өндіріс техникасы бірнеше жыл бойы кәсіпорынның кеніштерінде жемісті жұмыс істеп келеді.
– «ССКӨБ» АҚ даму стратегиясы шикізат базасын кеңейтуге және өндірілетін кен көлемін ұлғайту үшін техникалық дайындықты көтеруді және жетілдіруді көздейді. Соңғы екі жылда бұл МЗ-3Б-15Эоқтау машиналарын сатып алудың екінші толқыны, – деді бұрғылау-жару цехының бастығы Артем Коротыч.
Арнайы құрылғы бір жарым минуттың ішінде шамамен 1 тонна көлеміндегі ең үлкен ұңғыманы оқтай алады. Техникалық жаңалықтардың тізімінде қосарлы бұранда, жарылғыш компоненттерді («Гранулит-Е», «Гранулит-ЭМ») салуға арналған жетілдірілген өткізгіштер бар. Сонымен қатар, жаңа технология жарылғыш заттарды дайындауда компоненттердің пайыздық қатынасын сақтаудың жоғары дәлдігін қамтамасыз етеді.
– Оқтау машиналарыERG-дың «Көлік қауіпсіздігін ұйымдастыру және қамтамасыз ету» талаптарына сәйкес шығарылған, – деді техникалық бөлімнің жетекші маманы Андрей Баширов. – Инновациялық шешімер қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігін барынша арттыруға бағытталған.Мысалы, жүргізушілер мен жарушылар машинаның сигналына қарай әрекет етпек. Яғни жаңа көліктің «тілін» тыңдап, түсінсең болғаны – жұмыс жеңілдей түседі.
1 тамыздан бастап арнайы құрылғылар «ССКӨБ» АҚ Сарыбай, Соколов, Қашар және Қоржынкөл кеніштеріндегі жару жұмыстарын жүргізу үшін қолданылатын болады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ