БІЛЕГІНЕ КҮШ БІТКЕН
Өткен аптада Қарағандыда қазақ күресінен ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәреге жетті. Елдің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық палуан күш сынасты. Осы жарыстың «Түйе палуандығына» қостанайлық Ерлан Омаров қатысып, 3-орынға ие болды. Жақында ғана «Қостанай қыраны» турнирінде қарсылас шақ келтірмеген Е.Омаров кеншілер қаласында да облыс абыройын асқақтатты.
– Әрине, «Қостанай қыраны» жарысынан соң бірден ел чемпионатына қатысу кез келгеніміз үшін қиынға соқты. Дегенмен, намысқа тырыстық. Барлығы бес рет белдестім. Ел біріншілігінің үшінші орыны – жақсы нәтиже. Бапкерлеріме де мың алғыс, – деді ол бізге берген сұхбатында.
«Түйе палуан» атағына 47 спортшы таласты. Ерлан Омаров алдымен, тараздық қарсыласын ұтты. Ал, финалдық бәсекеге шығар жолда оған «Қазақстан барысы-2013» турнирінің жеңімпазы Айбек Нұғымаров бөгет болды. Салмағы 137 келі палуан қостанайлық жігітке қарсы екі бүк ұпайын жинады.
Қазір Ерлан Омаров «Қазақстан барысы-2016» жарысына қызу дайындалып жатыр. Наурызым ауданының мақтанышына дүбірлі додада сәттілік тілейміз!
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ