Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов іссапармен Арқалық қаласында болды
Кеше Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов іссапармен Арқалық қаласына барды. Бұл өңір басшысының арқадағы шаһарға екінші рет келуі. Қаладағы мәселелередің мән-жайын білетін облыс әкімі осы жолы күрмеуі күрделі нысандарға қол ұшын беріп, жаңа жобалар ұсынды. Қаланың алдағы маусымға деген дайындығын бақылады.
Диқан – мәрт, жер – жомарт
Облыс әкімі әуелі егіс алқабына ат басын бұрды. Жол жиегінен қарағанда жанарыңды жаулайтын тамаша көрініс. Қатар тізіліп, жер жыртып жүрген тракторлар. Бұл – «Возрождение» ЖШС-нің диқандары. 2004 жылдан бері егін егіп, өңірді өнімімен қамтамасыз етіп отырған ірі серіктестіктердің бірі. «Возрождение 2004» шаруашылығының жалпы аумағы – 18 000 гектар. Соның 16 500 гектары – егістік алқап. Ал, қалғаны – жайылымдық жерлер.
-Өткен жылы гектарына 8,9 центнер өнім алдық. Биыл былтырғы межеден асып түсуді көздеп отырмыз. Жыл сайынғы жұмсалатын ақша 20-70 млн.теңгені құрайды. Негізгі жасалатын аграрлы-техникалық операциялар: қар ұстау, ылғалдылықты сақтау, арам шөптерді жою, жер жырту сияқты жұмыстар. Әзірше бәрі ойдағыдай,-дейді серіктестік директоры Алексей Журавский.
Арқалық қаласының әкімі Ғазиз Бекмұхамедовтың айтуынша, егіс науқанына 258 тауар өндіруші ұжым қатысып отыр. Оның отызы – жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 228-і – түрлі шаруа қожалығы. Керекті техниканың бәрі дайын. Егін егуді 2-ші маусымға дейін аяқтауды жоспарлап қойған.
Архимед Мұхамбетов барынша сапалы өнім алуды, жұмысты уақытылы істеуді тапсырып, астықты өлке диқаншылары қашанда, қай жағынан да өзге өңірлерден оқ бойы озық тұру керек екенін айтты.
Шойын жол Шұбаркөлмен жалғанғалы…
Ең алғаш 1956 жылы ен далаға алғашкы құрылыс салушы комсомолдардың екі тобы келді. Содан бері Арқалық бой көтеріп, аты баршаға мәшһүр болғаны белгілі. Сол кездегі жас қаланың бойына қан жүгіртіп, тіршілігіне нәр берген темір жол вокзалының бүгінгі жай-күйімен облыс әкімі танысып қайтты. 1974 жылы тұрғызылған ғимаратқа екі жыл бұрын ҚТЖ қаржысы есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген еді.
-Жаңарып, жанданған Арқалық темір жол вокзалынан Қазақстанның бірқатар аймақтарына және көршілес Ресейге қарай жол ашық. Сонымен қатар, 45 пәтерлік көпқабатты үй салынып, осы мекеменің 12 қызметкеріне баспана берілген. Күту залының көлемі – 70 адамдық. Қосымша орындықтар қарастырылған. 3 билет сату кассасы бар, біреуі – арнайы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін. Жалпы, қаладағы темір жол вокзалы бұрынғысынан көш ілгері,-дейді «Арқалық» бекетінің басшысы Зейнеш Баймағамбетова.
2014 жылдың тамыз айынан бастап Арқалық-Шұбаркөл темір жолы пайдалануға берілген болатын. Осы мерзім ішінде 9 млн. 476 мың тонна жүк тасымалданды. Бастапқы жоба бойынша үш жұп пойыз өткізу жоспарланған. Болашақта жолаушылар вагонын қосып, жүк тасымалдау эшалонын 10 жұпқа арттырмақ.
Бекет басында жаңа жұмыс орындары ашылды. Арқалық-Шұбаркөл бағыты іске қосылғалы 44 қызметкер жұмысқа орналасқан. ҚТЖ компаниясының ұйғарымымен «Есіл» және «Шұбаркөл» станциялары аралығында қызмет атқаратын Арқалық жол дистанциясы ашылды. Дистанция бойынша Арқалық-Есіл учаскесінен 156, Терісаққан-Шұбаркөл учаскесінен 98 жұмысшы ауыстырылды. Штатты толықтыру үшін әлі 50 адам қажет. Бос орындарға Арқалық қаласының тұрғындарын тарту көзделіп отыр . Олар вахталық үйлерде тұрып, қатынап істейтін болады. Қызметкерлерді жұмыс орынына жеткізу-әкелу міндетін қала маңындық отарбалар қатынасы жүргізеді. Қазіргі кезде пойыз айына 4 рет қатынайды, болашақта жиілік көбейетіні анық.
Осы темір жол қатынасы кәсіпкерлер мен инвесторларға үлкен жол ашты. Транзиттік жол қатынасы қаланың кіріс пайдасын жоғарлатып, жолаушылардың уақытын үнемдеп, тиімділікті арттырды. Сондай-ақ, шағын бизнесті жүргізушілерге тауарды пойызбен тасымалдау ыңғайлы болып тұр. Бұл да бір оң нәтиже.
Кенже ҚОНЫСБАЙ