Мәскеу сахнасын бағындырды

Рудный музыкалық колледждің студенті Мейірімхан Назарханов Мәскеуде өткен «Роза ветров – 2017» халықаралық ән байқауынан бас жүлдемен оралды. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамыту мен ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған конкурсқа Ресей, Қазақстан, Беларусь, Израиль мен Швеция елдерінен 2000-ға тарта үміткер қатысқан.cVGF_BVJfeo
Мәскеудің әйгілі Гнесин атындағы музыкалық академиясының сахнасында рудныйлықтар осымен екінші мәрте өнер көрсетіп, үздіктердің үздігі атанып келеді. Бұл жолы Мейірімханның мерейі үстем болды. Тыңдармандарды ән әуезіне тербеген жас өнерпаз 1999 жылы Өзбекстанның Зарафшан қаласында туып-өскен. Он бір жасында әнге деген әуестігі артқан Мейірімхан өзі оқитын №7 мектеп-гимназиясындағы мәдени шаралардың бас-қасында жүріп, сахнаға әбден төселеді. Сөйтіп 2015 жылы 9-сыныпты тәмамдап, Рудныйдың музыкалық колледжіне оқуға қабылданады. Осы уақыт аралығында бірнеше рет қалалық, облыстық ән байқауларына қатысып, жүлделі орындар иеленеді. Кез келген жетістіктің артында шәкірт пен педагогтың қажырлы еңбегі мен қайтпас қайсарлығы жататыны анық.
– Мен халықаралық деңгейдегі жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын және жеңіске өз ұстаздарымның арқасында жеттім деп санаймын. Сондықтан үш жылдан бері менімен жұмыс істеп келе жатқан «Гармония» вокалдық өнер мектебінің жетекшісі Ирина Сытькоға, оқытушым Талғат Молдағалиевке, маған жанкүйер болған бүкіл колледж ұжымы мен достарыма зор алғыс білдіремін, – дейді өнерпаз.KNyYcWIj2JM
Мейірімхан конкурста екі әнді орындады. Бірінші күні Иса Байзақовтың шығармасын домбырамен шырқаса, екінші күні Мариям Жагорқызының «Дудар-ай» әнін ешбір музыкалық аспаптың сүйемелдеуінсіз, акапелла айтқан. Нәтижесінде қазақтың сиқырлы әніне Мәскеудің қазылар алқасы мен көрермендері тәнті болып, Мейірімхан Назарханов «Роза ветров – 2017» халықаралық ән байқауынан бас жүлдесін иеленді. Сондай-ақ шын талант иесі Италия, Франция елдерінде өтетін жас вокалистер конкурсына шақырту алды.
– Менің қарсыластарым нағыз тіс қаққан шеберлер, ерекше дарынды жастар болды. Сол себепті үшінші орын алсам да, мен үшін үлкен жетістік деп ойладым. Бас жүлдені маған табыстағанда, кеудемде өз елім, өз жерім үшін мақтаныш сезімі орнады. Маған артылған зор жауапкершілікті абыроймен атқарып, сенімді ақтағаныма қуандым, – дейді ол.unioUFMdyE0
Бүгінде Мейірімхан аталмыш колледждің 3-курс студенті. Әкесі «ССКӨБ» АҚ Сарыбай кен басқармасында, ал анасы сатушы болып жұмыс істейді. Артында еріп келе жатқан екі інісі бар. Болашақта демеушілік табылып жатса, Рим мен Париждың сахнасын бағындырып, оқуды «қызыл дипломмен» аяқтағысы келеді. Біз жас жігіттің бұл асқақ арманы орындалып, өз елінің лайықты ұлы атанатындығына сенімдіміз. Сәттілік серігі болсын!
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓