Сайран БҰҚАНОВ: «Жер қатынастарына ешқандай тәуекел жасауға болмайды»
Жақында Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы аяқталды. Жер кодексінің кей нормаларына мораторий жариялануы заңдағы өзгерістерді қоғамның талқысына салып, оны жұртшылыққа түсіндіруге мүмкіндік бермек. Бұл туралы аты аталған комиссияның мүшесі Сайран Бұқанов айтып берді.
– Алғашқы отырыс нені көздеді?
– Біз 7 сағат бойы отырып осы мәселе төңірегіндегі негізгі тетіктерді талқыладық. Жалпы, отырысқа қатысқан 75 адамның 63-і сөз сөйлеп, пікірлерін ортаға салды. Нақты шешімдер алдағы уақытта қабылданады. Мен бір жағынан, халықтың «шетелдіктерге жер сатылады» деген қаңқу сөзге дүрлігуін түсінемін. Өйткені, жерге өте жауапты қарайтын халықпыз. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жеткілікті жүргізілмегендіктен де алаңдаушылық болғаны рас. Жер қатынастарына ешқандай тәуекел жасауға болмайды. Яғни, түпкі нәтижесі туралы ойлап, келісіп пішпей, асығыстықпен шешілген шешім өкінішке қалдырады. Сондықтан, Елбасының жер заңнамаларының нормаларына уақытша тоқтау салуын ұтымды пайдаланып, жерден табыс тауып отырған мамандар мен диқандардың, ғалымдардың пікірін, ұсыныстарын барынша ескеріп, халыққа түсіндіру жұмыстарын барынша сауатты жүргіземіз. Елді-елге шығып, аралаймыз. Рас, заң қабылданғанда оның жүзеге асыру тетіктері мұқият жасалса дейміз.
– Сіз қандай пікір айттыңыз?
– Біріншіден, жеріміз игерусіз, бос жатпау керек. Ал ол үшін не істеген жөн? Жерімізді саудаға салмай-ақ, тиімсіз деп танылып, иесіз қалған жерлерге инвестиция тарту керек. Бұл бағытта заңдарымыз бен жалға берудің тәртібін қатаңдата отырып, Заң іс жүзіне асырылу кезінде кездесуі ықтимал барлық тәуекелдер, қауіптер ескерсек дейміз. Өзім өмір бойы ауылда, жерден нәпақа жинап келе жатқан адаммын. Сондықтан жерге байланысты қандай мәселе де маған етене таныс. Менің ойымша, шетелдік инвесторларға жерді жалға беруден қорықпау керек. Қайта, қуанайық. Бәсекелестік болады. Мысал үшін, мен басқарып отырған шаруашылық мұны толықтай қолдайды. Тағы бір мәселе, шетелдік инвесторларға жұмысшылардың басым көпшілігін жергілікті жерден алуды міндеттеу керек деп есептеймін. Сонда ауыл жастарының жұмыссыздығы шешілуі әбден мүмкін. Бұл өте маңызды болар еді.
– Жердің бағасы қанша болмақ?
– Біз әр сенбі сайын комиссия отырысына жиыламыз. Бұл сұрақ келесі отырыста қаралады. Шетелдіктерге жалға берсек, оның нәтижесі қалай болмақ? Міне, мораторий осындай мәселелердің барлығын асықпай талқылап, кеңесіп алуға мүмкіндік береді. Осыған үлес қоссақ, аталарымыз айтқандай, «кеңесіп пішкен тон келте болмайды»
Сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ