Б.Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары: «ЖЕР МӘСЕЛЕСІ ӘР СЕНБІ САЙЫН, СОҢҒЫ НҮКТЕСІ ҚОЙЫЛҒАНША ҚАРАЛАДЫ»
Өткен сенбіде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы өтті. Жасақталған комиссияның құрамына Парламенттің қос палатасының депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, агробизнес өкілдері, ғалымдар мен азаматтық белсенділер атынан барлығы 75 адам енді. Сондай-ақ комиссияда әр өңірден бір-бір өкілден бар.
Жер реформасы жөніндегі комиссияның жеті сағатқа созылған алғашқы отырысын қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев жиын барысында көңілге қонымды мәселелердің көтерілгенін тілге тиек етті, – деп хабарлайды «today.kz» ақпарат порталы.
«Комиссияның жеті сағатқа созылған отырысында елеулі деген мәселелерді талқыға салдық. Жиынға қатысуы тиіс кісілердің тек бесеуі ғана белгілі себептермен қатыса алмады. Солардың бірі – Макс Бокаев. Бұл кісі жиынға мүлдем қатыспаймын деген жоқ. Тек, өзінің талаптарының бар екенін жеткізді. Жеке мәселелерін шешкен соң арамызға қосылар деген үмітім бар. Жер реформасына қатысты ой айтамын деген кез келген адамды тыңдауға дайынбыз, оларға есігіміз әрқашан ашық», – деген Б.Сағынтаевтың сөзін өзгелер де қуаттағанын айта кеткен жөн. Мәселен, құқық қорғаушы Мақсат Нұрыпбаев Жер реформасы бойынша комиссиясының әр отырысын тікелей эфирде қазақстандықтарға көрсету қажеттілігін алға тартты. Ал, Зәуреш Батталова көпшіліктің дауысына ие болған мәселелерге назар аудару керектігін жеткізді. Белгілі саясаткер Айдос Сарым комиссия отырысын сырттай бақылап, шешімдерді талқылап отыратын дербес редакция құруды ұсынды. Мұның барлығы да билік пен бұқараның Жерге қатысты мәселені халық мүддесіне шешуге ынталылығын көрсетеді.
«Басында бізге "сіздер – биліктің адамысыздар, біз – қоғамдық ұйым өкілдеріміз, яғни халықтың арасынан келгендерміз, арамызда байланыс орнатылуы екіталай" дегендей ойлар айтылып, кейбірінің билік өкілдеріне сенімсіздікпен қарағанын жоққа шығара алмаймын. Әңгіме барысында билік өкілдеріне тосырқай қарағандар пікірлерінің жаңсақтығына көз жеткізді. Комиссия отырысында құқықтық, экономикалық және түсіндіру жұмысшы топтарын құруды жоспарладық. Келесі жиынымызда осы топтармен жұмыс істейтін боламыз», – деді Б.Сағынтаев.
Таңғы оннан басталып, кешкі беске дейін созылған жиында 63 адамның ойы тыңдалды. Сағынтаевтың сөзіне жүгінер болсақ, сөз алғандар әдеттегідей уақытпен шектелмепті. Барлығы да ойын ашық әрі еркін жеткізу мүмкіндігіне ие болған.
«5-6 жиыннан кейін негізгі топтармен жұмысымызды аяқтап, облыс әкімдіктерінің жанынан құрылған қоғамдық кеңес негізінде аймақтарда түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Олар біздің филиалдарымызбен істес болады, – деген Б.Сағынтаев отырыста қаралған мәселелер мен оның шешімдерінің жергілікті билік өкілдеріне қаз-қалпында жеткізілерін алға тартты. – Осы жиын толығымен хатталып, аймақтарға таратылады. Комиссия жұмысын жақсы қарқында бастап кетті».
Комиссияның келесі жиынында жерді қазақстандықтарға сату мәселесі қаралмақ. Отырыс әр сенбі сайын, Жер реформасы жөніндегі мәселенің соңғы нүктесі қойылғанша ҚР Ұлттық мұражайында өтетін болады.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ