Тамағы тоқтық…

Марқұм әжем кейде бір көңілденгенде, татар-башқұрт тілдерінде ән айтатұғын. Бір жолы оны қайдан үйренгенін сұрағанымда, өміріндегі қиын бір кезеңдерді терең бір күрсіне еске алды.
-Біздің бала күнімізде көргенімізді ешкімнің басына бермесін, қарағым. Ақтар мен қызылдар шайқасып жатқанда туыппын. Қарнымыз тоя тамақ жеген күндер болған жоқ. Ойын баласы нені білсін, әйтеуір талғажау болатын бірдеңе іздейтінбіз. Ес біле, ауылдағы бар адам колхозға жұмыс істедік. Қырманның басында ретін тауып, үйге азғантай болса да бидай алып келуді ойлайтынбыз. Оның өзі жұт жылдарында тапшы болды. Ашаршылық кезінде біразымыз нәр іздеп, жаяулап-жалпылап Уфаға дейін кетіп қалдық. Сонда жүріп, үйренген әндеріміз ғой, – деп күрсінетін кейуана.
Одан кейін де тағдырдың тәлкегі аз болған жоқ. Қаһарын төккен Ұлы Отан соғысы басталды. Сұрапыл жылдардың соңын ала бере, әжем төрт баламен жесір қалды. Оларды жеткізіп өсіру де оңай шаруа емес. Әжемнің өмір белестері құдды бір кинофильмнің кадрларындай көз алдымда жатталып қалып қойыпты.
– Сендерге біздің көрген бейнетімізді емес, зейнетімізді берсін. Қазір заман жақсы ғой, сендер бақытты болыңдар, айналайын! – деп, әжем әңгімесін ақ жарма тілегімен аяқтады.
…Қазір қарап отырсам, жасы сексеннен асқан жарықтық әжемнің осы бір әңгімесін естіген кезде біздің заман да «оңып» тұрмаған екен-ау.. Елдегі шаруашылықтың шырқы кетіп, әйтеуір, жоқтан бар жасаған кезең еді. Ауылда жарықты бір мезгіл ғана қосады. Күндіз үлгірмесек, сабақты майшамның жарығымен оқимыз. Теледидар деген кез келген үйде болған жоқ. Қолымыз қалт еткенде бірауық барып көршінің үйінен қарайтынбыз.
Әлі есімде, әкемнен абайсызда көз жазып қалған анам, төрт баланы қатарынан қалдырмаймын деп еңбек етті. Содан да болар – біз таршылық көрмей өстік. Қандай қиын күннің өзінде біздің үйден тамақ үзілмеді. Қайта, үйде қалған ұннан ауылдағы күн көрісі төмен отбасыларға шелектеп беріп жіберіп отырды. Жақсы оқитын оқушыларға үйдегі біздің оқу құралдарымыздан, дәптерімізден апарып беретін. Қазір осының бәрі көрген түс сияқты.
Міне, енді заман өзгерді. Заманына қарай адамы да өзгерді. Теледидар дегенің түк емес, бас-басымызға смартфон ұстаймыз. Әлемнің ана түкпірінде болып жатқан жаңалықты әп-сәтте қарап, біліп отырамыз. Тамақты таңдап жейміз. Киімді брендіне қарап барып киеміз.
Басқа елдердегі соғыс, атыс-шабыс бізде атымен жоқ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз ашық. Бұдан артық не керек енді? Жо-жоқ, біз бұған тоба дей алмаймыз.
Бізге бірдеңе жетіспейді. Бізге бірдеңе ұнамайды. Бірақ не екенін өзіміз де білмейміз! Мүмкін көшеге шығып, бір мезгіл айқайлап келу керек шығар?! Сонда бәрі орнына келіп қалар. Әрине, жоқ!
Ал, Абай атамыз болса «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деп ескертіп кетпеп пе еді?!
Біз тоқшылықты пайдаланып, бір уақыт ел игілігі өз алдына, өзіміз үшін пайдалы бір іспен айналыссақ қалай болар екен?!
Ең болмаса, еңсесін енді тіктеген елімізге зиянымызды тигізбеуді ойласақ екен. Мені осындай ойлар мазалайды. Сізді ше?!

You may also like...

5 Responses

  1. Әсем айтты:

    Бидай шашып қойған соң сары торғай, қара торғай, шымшық деп атап шақырмайсың бәрі де торғай. Шақырылмаған қонақ емеспіз дегенге келтіріп тұрғаным :). Ереке, біз былай ойлаймыз: қазіргі жайлылық бас -басымыздың телефонымыз бен кредитке алған иномаркамыз, қос-қос диплом, бақа шаянның бірдеңелері қосылған жемістер т.б. барлығы сапасыз. Бұрынғының адамдары сапалы. Ол сапа тәлім-тәрбие, еңбек, сапалы су мен дәм арқылы және ата тек арқылы берілген. Қазіргі адамдардың денсаулығы нашар, рухы әлсіз, боркемік, жылауық, міншіл.Оларды сапалы ету үшін ірі-ірі реформалар керек.Және бұл ойлау, сөйлеу жүйесін өзгертуден басталады. Меніңше, солай.

    • Тобылбай айтты:

      Қатырған екенсің, Әсем. Қазіргі адамдарды өзгерту үшін нешеме идеология керек емес расында. Тек бойдағы намысты оятайықшы. Сіз болып, біз болып. Түрлі БАҚ тар ұлттық намыс, сана, болмыс туралы түсіндірме сюжет, мақалалар жарияланса, бір адамға болса жетер еді, осылай осылай алға жылжимыз. Ең бастысы, қазақтықты сақтау үшін ұлттық тәрбие керек. Сондай дүниелер жазыңыздар.

  2. Жадыра Жантықбаева айтты:

    "Қолда бар алтынның қадірі жоқ" демеушімеді. Тыныштықты айтамын. Елімізде тойып секіріп жүрген өр азаматтардың кей қылықтары жаға ұстады. Және ондай жайттар өкінішке орай күннен күнге өршіп барды. Заман ақыл естен кенде қылмаған сияқты еді, дегенменде ештемеге таң қалмайтын, ештеме қызықтырмайтын болып тұр бәрімізді. Намыссыздық дерті белең алып бара жатыр-ау соған қарағанда…

     

  3. Ғабит айтты:

    Елге зиян тигізбеу деген нн нақты? Жігін ажыратсақ…

  4. Әлия айтты:

    Ерлан бауырым, ойыңыз дұрыс. Өткен тархқа қарап отырсаң, әр заманның өз қиындығын байқайсың… Бірақ дәл осы заман "адам баласын аздырар тоқтықтың" дәл өзі ме деп қаламын кейде. Бәрін айт та бірін айт, өртте қалу, апатқа ұшырау, адам ұрлау дегендерің нағыз тойып секіргендердің ойыншығы болып қалды емес пе? Тек Алла кері кеткеннен сақтасын! Ұлттығымызды, ұлылығымызды сақтауға күш берсін деген тілек бар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓