Ауыл және адалдық
Вагонның орта тұсына таман терезе алдында үнсіз тұрған жігіт ағасы аяқ астынан тіл қатты:
– Інішек, сен Сосновтан емессің бе?
Манадан бері қайта-қайта мен жаққа неге қарайлағанын енді түсінгендеймін. Ауылымның атауы естілген соң, ағама жақын келіп, сәлем бердім. Мені бет-пішініме қарап, шырамытса керек. Ол да біздің ауылдың тумасы болып шықты.Дәулет ағамен 5-10 минут тілдескенде, туған-туыс, көрші-қолаң, ауылдастардың біразын жіпке тізгендей етіп, түгендеп шықтық.
Оның ауылдан кеткеніне 22 жыл болыпты, менің елден ұзап шыққаныма – бір мүшел. Бірақ, екеуміздің ауыл жайлы азғантай әңгімеміз жылылыққа толы болды.
Ол тұрған көшеде қатар орналасқан 4 үйдің барлығында Дәулет есімді ұл болған екен. Шынымен, сол жылдардағы ауылдағы дәулетті, бақуатты тірліктің бір анық көрінісі ме деген ой келді…
…Өткен аптада Қостанайда «Кәусарым» атты қысқаметражды фильмнің тұсаукесері өтті. Өнер академиясында білім алып жүрген жерлесіміз, болашақ режиссер Жәнібек Кәкімжанның бұл туындысы ғаламторда да кеңінен тарап кеткен болатын.
Әлбетте, біткен іске сыншы табылады ғой. Тұсаукесерге жиналған жұртшылық фильмді түсіру тұрғысынан талқылап жатқанда, мен идеялық мазмұнына байланысты ойға қалдым.
Қуаныштысы, ауыл өміріне ынтыққан көрермендер қатарында мен жалғыз болмай шықтым. Пікір білдіргендердің дені Жәнібектің өз кәсібіне деген ізденісін туған ауылынан бастағанына ризашылығын білдіріп жатты. Себебі, тырнақалды туынды қашықта орналасқан кішкене ғана ауыл өмірінен хабардар етіп қана қоймай, әрбір көрерменге өзінің туған ауылын, балалық шағын еріксіз еске түсіреді.
Қыстың күні ақ жейде, қазақы көйлек киіп, далада би билеген жасөспірім ұл-қыздар беті-қолдары тоңып, әбден қызарса да, тырмысып жатқаны білінеді. Олардың бал-бұл жайнаған жүздерінен, қуаныштан алаулаған жанарларынан туған жерге деген айрықша сүйіспеншілік, өнерге деген шексіз ынтықтық анық байқалады. Риясыз күлкі, боямасыз өмір, шынайы көрініс… Жас режиссердің үлкен өнер жолындағы алғашқы «олжасы» осы деп түсінер едім…
…Қалада туып-өскен бауырларым көңіліне алмасын, бірақ, меніңше ауылдың адамдарына «адалдық» деген айрықша «вакцина» егіліп туатын секілді. Сондықтан да болар, олар қай жерде жүрсе де, ең алдымен еліне адал болуды мақсат тұтады. Ауылдың балалары бір-біріне бауырмал келеді. Олар туыстың, достың, бауырдың қадірін жете түсінеді. Осылай тізбектеліп кете береді…
Мен үшін дәлелдеуді қажет етпейтін бір аксиома бар: «ауыл» және «адалдық» деген ұғымдар егіз».
Осы ұғымдардың біріншісінен алыстаған сайын, екіншісінен де алшақтай түсетін секілдіміз. Бірақ, бұл әлі дәлелдеуді қажет ететін теорема…
Ерлан аға! Облыстық "Қостанай таңы" гзетіне жазған мақлаларнызды оқып қуанып отырмын. көп жылдан бері көрмеп едім. қаламыныз ұшқыр болсын! шығармашылық табыстар тілеймін!
Ерлан инишектин ауыл туралы және ауылдастары туралы жазған мақалалары өте жақсы жазылған.Меніңде кишкентай ауылым казир жабылып адамдары осы Қостанай маңайында ,әриси Ресей жерине қоныс аударып кетседе.жиын тойда кездесип қалғанда ,туған жеримизди әке шешемиздиң суйеги комилген жерди унеми еске алып әр жыл сайын барып тұрамыз.Қасиетті туған жер.биз сени ешқашанда ұмытпаймыз,балалық шағымыздың естелиги.топырағыңа аунап өскен Нарөлгеним мениң!!!
Ауылда қалған балалық шақтың ұмытылмас күндері-ай…