САҢЛАҚТАР САПҚА ҚОСЫЛДЫ
Биыл алтыншы мәрте өткiзiлетiн “Қазақстан барысы” республикалық турнирiне Қостанай облысының атынан қатысатын палуандардың есімі белгілі болды. «Қостанай қыраны» бәсекесі үш күнге созылды. Алғашқы күндері балғын палуандардың арасында облысымыздың «жас қырандары» анықталды.

Іріктеу жарысына қатысқан палуандардың арасында олқысы жоқ. Міне, кілең «сен тұр, мен атайындар» жарыстың соңғы күні боз кілемге шықты. Талай додаларда дара шығып жүрген Азамат Ерәділов, Ержан Қабидулинов, Максим Гербер, Ерқанат Рыздық, Данияр Баққараевтар да өз аудандарының намысын қорғау үшін келді. Ылғи бабы келіскен палуандардың белдесуі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жиылған қазақ күресінің жанкүйерлерін үлкен әсерге бөледі.

2014 жылғы осы жарыстың жеңімпазы, арқалықтық Ғабит Балғынбаев пен былтырғы «қыран», қостанайлық Ерлан Омаров жартылай финалда кездесті. Бұл екеуінің арасындағы тартыс қызу жүрді. Дегенмен, соңғы секундта Науырзым ауданының тумасы Е.Омаров жеңісті жұлып әкетті.







Енді финалға шыққан екеуі Астанада өтетін "Қазақстан барысы" турнирінде облыс намысын қорғайтын болады.
Қасқырбай Қойшыманов.
Суретті түсірген Айбек Жүзбай.