Оралхан оқулары
Сарыкөл ауданында көркемсөз оқудан Оралхан Бөкей атындағы сайыс өтті.
Сарыкөл ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, тіл мәдениетін көтеріп, көркем әдебиетті насихаттап және талантты жастарды тану болды.
Жалпы, жарысқа өңір орталығы мен ауылдардан келген көркемсөз шеберлері қатысты. Олар алдымен, мәнерлеп өлең оқыса, кейін проза, драма шығармаларынан жатқа үзінді айтты. Сондай-ақ, қазылар тарапынан ұсынылған белгісіз мәтіндерді білу жағы сыналды. Осы сындардан сүрінбей өткендер ғана жүлдеге ие болды.
1-орынды қараобалық Татьяна Мүкүжанова (Б.Өтетілеуов ОМ) жеңіп алса, 2-орынды Севастополдан келген Жанна Құсымбаева (Севастопол ОМ) еншілеп, 3-орынды сарыкөлдік Руслан Якупов (Сарыкөл ОМ) қанағат тұтты.
Барлық қатысушылар мадақтама қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Руслан Әлкеев,
Сарыкөл ауданы.