“КОТАНГЕНСТІ” ҚАШАН ҚОЛДАНАМЫЗ?

"Котангенс – геометриялық өлшем.  Тригонометриялық функциялардың бірі. Тікбұрышты үшбұрыштың сүйір бұрышының котангенсы – сол бұрышқа іргелес жатқан катеттің сол бұрышқа қарсы жатқан катетке қатынасы".
Айтулы геометриялық теореманы жаттап өскендердің біразы "котангенсті" қашан және қайда кәдеге жаратарын әлі де білмейтін көрінеді. Бұл бізге ғана емес, әлем жұртшылығына тән сауал болып шықты. Осыны ескерген Финляндия геометрия, алгебра, физика, химия сынды пәндерден бас тартуды жөн көріпті.
Бұл елдегі білім беру жүйесі әлемдегі ең жақсы жүйелердің бірі болып саналады. Білім беруді бағалау рейтингінде Финляндия ең беделді ондықтың қатарына кіреді, деп жазады Moon Child ақпарат агенттігі.Котангенс
Жоғары жетістіктерге қол жеткізіп отырғандарына қарамастан, финдер білім саласын әлі де жетілдірмек ниетте. 2020 жылға дейін айтулы ел білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуді жоспарлап отыр. Жоспарланған жаңа жүйе бойынша, бұдан былай бұл елде мектеп пәндері берілмейтін болады. Атап айтқанда оқушыларға физика, математика, әдебиет, тарих және жағрапия сабақтары жүргізілмейді.
Жеке пәндердің орнына оқушылар оқиғалар мен құбылыстарды пәнаралық форматта оқымақ. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыс тарих, география және математика тұрғысынан қарастырылатын болады. Ал «Кафедегі жұмыс» курсында олар ағылшын тілі, экономика және коммуникациялық дағдылар туралы жан-жақты білім алады. Ал Еуропалық Одақты зерттеу тақырыбы аясында оқушылар тарих, саясат, география және шет тілдері бойынша дәрістер алуда.
Мұндай жүйе орта мектеп оқушылары үшін 16 жастан бастап енгізілмек. Яғни, кәмелет жасына жеткен жеткіншек алдағы өміріне қажет болады-ау деген қисынмен, жанына жақын тақырыпты немесе құбылысты зерделеуі тиіс.
Осылайша, жасөспірімдер физика немесе химия, геометриядан құтылып, "котангенсті қашан қолданамын?" дегендей қияңқы сұрақтардан құтылмақ. Жаңа жүйеге бел шеше кіріскен Хельсинкидегі бірқатар мектептерде қазірдің өзінде ағылшын әдебиеті мен физика, химия пәндері тоқтатылып, балаларға өмірдегі болып жатқан құбылыстар түсіндірілуде. Жеткіншектер осылайша қоршаған орта, әлем туралы түсініктерін кеңейтуде.
Финляндиядағы білім реформасы әртүрлі пән мұғалімдерінің өзара әрекеттесуін талап етеді. Хельсинкидегі мұғалімдердің шамамен 70% -ы ақпарат берудің жаңа жүйесі бойынша арнайы оқытудан өтті. Жаңа жүйе бойынша, олардың жалақыларын арттыру жоспарлануда.
Білім саласын жетілдіру бағытында біздің мемлекетімізде де ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Біріккен Ұлттар Ұйымының Әлем елдеріндегі білім деңгейінің индексіне (Education Index) жүгінер болсақ, Қазақстан Республикасы жаһандағы 189 мемлекеттен түзілген тізімнің 40-шы сатысына тұрақтапты. Айтулы тізімнің ең басында Германия, Австралия және Дания тұр. Ал соңын Мали, Буркин Фасо, Эритрея, Нигер мемлекеттері түйіндепті. Құдайы көршілерімізге келер болсақ, Ресей – 32, Қырғызстан – 66, Өзбекстан – 76, Қытай – 108 тізімде тұр.  Рейтинг
Білім беру бойынша түзілген тізімде 40-шы сатыдан аса алмасақ та, біз әлемдегі интеллектуалдар ондығына кіреміз. Бұл жайындағы мәліметтермен Vouchercloud порталынан таныса аласыз. Ақпарат агенттігінің мәліметінше, жалпақ жұртқа "Борат" кейіпкерімен таныс болған Қазақстан жаһандық нәтижеге қол жеткізіп отыр. Әлемнің  интеллектуалды деген 25 мемлекетін саралаған зерттеу институты Қазақ елінің осы көрсеткіштің 6-шы сатысына 36,64 ұпаймен көтерілгенін келтіреді.
Білім саласын жетілдіру жолындағы ауқымды жұмыстарымызды жалғастыра берер болсақ, Финнялниядан аспасақ та, дамыған елдермен қатарласарымыз анық. Бәлкім, котангенсті сол кезде түсінетін болармыз…
 
Жұматай КӘКІМЖАНОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓