Әскерде қылмысқа жол жоқ!
Қазіргі таңда ата-бабамыздан қалған жерді қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырларымыздың ұрпақтары – бүгінгі Отан қорғаушыларымыз, еліміздің тірегі саналатын сарбаздарымыздың қылмыстық әрекет жасап, Қазақстан әскерінің имиджін түсіріп, абыройын ойрандайтындары, әрине, өкінішті.Кеңес одағы ыдырағаннан кейін, әскерде қылмыс көбейгені рас. Соның ішінде көп тарағаны – бұйрыққа бағынбау, бөлімді өз бетімен тастап кету, қашқындық, биліктің әрекетсіздігі, қызметке селқос қарау, тонаушылық сияқты әскери қылмыстар түрлері еді. Аталған қылмыс түрлерінің бой көтеру себебі, қиын кезеңде әркімнің қара басының пайдасын күйттеуі, сондай-ақ істеген әрекеттері үшін жазаланбаулары еді. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, Жоғарғы Бас қолбасшы әскери тәртіпті және әскерде қылмысқа жол жоқ екендігін түсіндіріп, жағдайды түзеуге қатаң талаптар қойып, шаралар қолданды.
Атап айтсақ, заң күшейтілді, Қазақстан Республикаы Қылмыстық Кодексінің «әскери қылмыстар» тарауына бірқатар өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, сарбаздардың тәртіп бұзбауын қадағалап, олардың ҚР жалпы әскери жарғысына сәйкес жүріп-тұруларын қалыпты жағдайға келтіру мақсатында, әскери полиция мен әскери тергеу басқарма органдары құрылды. Сонымен қатар, 2010 жылдың 29 сәуірінде №271-4 Қазақстан Респбликасының «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңы қабылданды.
Жоғарыда аталғандармен қатар, осы бағытта басқа да көптеген шаралар ұйымдастырылып жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы әскерінде қылмыстық құқық бұзушылық жыл сайын төмендеп келеді. Оған дәлел ретінде Қостанай гарнизонын алайық. Егер гарнизонда 2014 жылы 7 қылмыс тіркелсе, оның саны 2015 жылы 2 қылмысқа азайған.
Алайда жыл санап әскердегі қылмыстың азайуына қарамастан, заманға сай кеңінен таралған «алаяқтық» қылмыс түрі Қостанай гарнизонында төмендер емес. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің офицері Қ.Тасболатұлы осындай қылмыс жасап, Қостанай гарнизоны әскери сотының үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылса, үстіміздегі жылдың наурыз айында Қостанай қаласының Қорғаныс істер жөніндегі басқармасының офицері капитан Д.Коровин де алаяқтыққа барғаны үшін сотталып, тиісті жазасын алды.
Гарнизондағы қылмыстық құқық бұзушылықты түбегейлі жою үшін әскери прокуратура арнайы жоспарлар құрып, түрлі шараларды қолға алуда.
Р.Тұғыров,
Қостанай гарнизоны әскери прокуратурасының прокуроры,
әділет капитаны.