АДАМ АЗЫҒЫН ТЕМІР ТАБАДЫ (Жапонияда солай, бізде қалай?)
Озық технологиясымен әлемді аузына қаратқан Жапония мемлекеті демографиялық қиындыққа тап болды. Айтулы елде бала туу саны шектеліп, халықтың орташа жасы 60-қа тірелді. Халқы қарияға айналған елде ортаңқолды жұмысты атқаратын азаматтар шектеліп барады. Әсіресе, ауылшаруашылық саласында тер төгіп жүргендердің дені – 70-ті алқымдаған қарттар. Тұрғындарын ауылшаруашылық өнімдерімен кедергісіз қамтамасыз етудің амалымен, жергілікті билік өкілдері фермерлерді роботтармен ауыстыруды ұсынуда.
Қашықтан басқарылатын тракторлар мен роботтандырылған комбайндарды жапондық фермерлердің қолбаласына айналдыру жобасын сол елдің ауылшаруашылық министрі Хироси Морияма ұсынған. Ауқымды жұмысты атқару үшін жергілікті бюджеттен 37 миллион АҚШ доллары бөлінбек.
Жасанды интеллектпен қамтамасыз етілген құрылғылардың сапын тракторлармен бірге егін ору, дәрі-дәрмек себетін және әуеден бақылайтын пилотсыз басқару ұшақтары толықтырады. Сондай-ақ, дайын өнімді сұрыптап, жинайтын машиналар да қолданысқа енгізілмек. Фермаларға қажетті құрылғыларды жасау жағын жапондық нанотехнологтар қолға алған. Қазірдің өзінде, мамандар бірқатар құрылғыларды сынақ алаңдарына аттандырып, нәтижесімен бөлісуде. Жасанды интеллектпен қамтамасыз етілген техникалар мамыр айының соңына дейін толық жасақталады. Ал, жыл соңына дейін шаруаларға таратылып беріледі.
Роботтармен жұмыс істеу Жапонияда кең қанат жайған. Мәселен, наурыз айында әдебиетшілердің арасында өткен сайыста жасанды интеллектпен жабдықталған Хоси есімді робот өзінің фантастикалық шығармасымен финалға жолдама алды. Хакодатс университеті оқымыстыларының қолымен құралған роботқа кейіпкерлердің аты-жөні мен жынысын, шығарма желісі мен бағдарын берсеңіз болғаны. Адамнан нақты бағыт алған «ақылды темір» сәтінде мәтін құрастырып береді. (Темірді кітап жазуға да бейімдей алған оқымыстылар, оған жерді де жырттыра аларына кәміл сенімді).
Біздің облысымыздағы құс шаруашылықтарының басым бөлігінде суару және тамақтандыру, жұмыртқаларды жинау және сұрыптау шаралары толықтай автоматтандырылған. Италия мен Германиядан алынған құрылғылар іске қосылғалы шаруашылықтағы жұмыскерлердің саны айтарлықтай азайған. Сүт бағытындағы мал шаруашылықтарына тоқталар болсақ, Тобыл өңіріндегі «Тұрар», «Бек+» іспетті 5-6 шаруа қожалықтарында «Карусель» және «Ёлочка» сияқты заманауи сүт құрылғылары қолданылады. Желін жуғыш, сылау, дезинфекциялау, сауу автоматтандырылған. Заманауи құрылғылар еңбек өнімділігіне оң әсер етеді, жұмыскерлердің қол еңбегі мен өнімнің өзіндік құнын азайтады.
Жапондықтардың ауылшаруашылық саласын автоматтандыру ісін өзге елдер де қуаттап отыр. «Үлкен жетілік» (G7) жиынында бас біріктірген осы саланың мамандары автоматтандырудың амалсыздан қолға алынғанын айтады. Мәселен, АҚШ-та фермерлердің орташа жасы 57-ге келген. Осыдан бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 55 шамасында болатын. 75-тен асқан фермерлердің саны 30%-ға артқан. Мұның есесіне, 25 жасқа дейінгі фермерлердің саны 20% қықарыпты. БҰҰ келтірген ақпаратқа жүгінер болсақ, дамыған елдердегі фермерлердің орташа жасы 60 шамасында. Уақыт оза олардың да ұлғаятыны анық.
Өкінішке қарай, біздің елімізде жер тырмап, нәпәқасын айырып жүргендердің саны жыл санап қысқаруда. Ауылшаруашылық басқармасы берген ақпаратқа жүгінер болсақ, облыс көлемінде 4641 шаруа қожалығында 177,5 мыңнан астам адам жұмыс істеуде. Өзін-өзі еңбекпен қамтып отырғандардың саны – 123,3 мыңға таяу. Ауылшаруашылық саласында жалданып жүрген қызметкерлердің саны – 22500 адам. Құс өсірумен 538 адам айналысады.
Бір байқағанымыз, ауылшаруашылық саласына барып жатқан жастар өте аз. Соқа-сайманын сайлап, құрылғыларын майлап жүргендерге қарасаңыз, солардың арасындағы жас дегеніңнің өзі 40-тың қырқасында. Мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар қолға алынса да, жастардың ауылды аймақтарға барғысы жоқ. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы жағдайын жасап, баспанамен қамтамасыз етілсе де, ауылға аяқ басқысы келетіндердің саны көбеймеді.
Жастардың ауылды-аймақтардан қашуының тағы бір себебі – фермерлік, ауылшаруашылық мамандықтарының болашағының бұлыңғырлығы. Мысалы, былтырғы жылы еліміздегі жоғары оқу ордаларында тегін оқу гранттарының 12,5 мыңы техникалық және технологиялық мамандықтарға берілді. Педагогикалық салаға 6 мың орын қарастырылды. Ал, ветеринарлық, фермерлік істі қоса есептегенде, ауылшаруашылық саласына бар-жоғы 2690 орын бөлінді. Бұл – республика бойынша! Қазіргі жастарды атакәсіпке жұмылдыра алмасақ, болашақта қазақстандықтардың да қариялардың қолынан тамақтанатынын жоққа шығара алмайсыз.
Ауылшаруашылық саласына бет бұрушылардың азаюына көрші Ресей де алаңдаулы. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында, Ресей Федерациясы қолданыстағы «Жер туралы» заңына өзгертулер мен түзетулер енгізді. Заң талаптарына сай, аталған елде шағын қалалардан 20 шақырым, үлкен қалалардан 40 шақырым қашықтықтағы жер телімдері отандастарына тегін (!) үлестіріледі. Тұрғындар телімдерін егін егуге, мал бағуға еркін пайдалана алады. Кәдесіне жарата алмағандар қомақты айыппұл төлейді. Ресей үкіметі осы заң арқылы бұған дейін қолданыссыз жатқан жер телімдерінен салық алуды да жоспарлап отыр. Сондай-ақ, қозғаусыз жатқан жерлерге түрен салып, тыңайту жағы да қолға алынады. Заң бойынша, бұл – жер иесінің тікелей міндеті.
Тобыл өңірін мысалға алар болсақ, 4,2 мыңнан астам га жайылым бекітілген, оның ішінде мал жайылымы үшін 1,9 мың га қолданылады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын егуіне 231,4 мың га, шөп шабу және жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының мал басын күту үшін 1,2 мың га пайдаланылады. Қалғанының қараусыз жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Әңгіме арқауына айналған Жапонияда да қозғаусыз қалған жер жеткілікті. Жергілікті ақпарат құралдары таратқан хабарға сүйенер болсақ, соңғы 20 жылда кәдеге жаратылмаған жердің көлемі екі есеге ұлғайып, 420 мың гектарға жетіпті. Билік өкілдері бұл жерлерді де дрондардың көмегімен игеруді жоспарлап отыр. Осылайша, егістік аумағын кеңейтіп, өнімді көбейтпек ниетте. Ал, бізде қалай?!
Жұматай Кәкімжанов.