Бәрі  «Бастаудан» басталады

Қандай да бір кәсіп  таңдау – оңайдың шаруасы емес. Кейде жастар жағы колледжде немесе жоғарғы оқу орнында оқығанмен, мамандық таңдауда мүлт кеткенін кеш біліп жатады. Ал біреулері көңілі құламаған жұмысқа жылдар бойы жегіліп жүріп, өмірін күрт өзгерткісі келетіні бар. Соңғылары өзге емес, өздері үшін тер төккенді қалайды.бастау
       Міне, осындай іскер азаматтар үшін облыста «Бастау» жобасы басталды. Кәсіпкерлік негіздерін тегін оқытатын курстар  барлық аудан,қалаларда бір мезетте ашылды. Қостанайда кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренуге тестілеуден сүрінбей өткен 46 адам келді. Олар «Бастау» жобасына әр қилы жолмен тап болған.
        Мәселен, 21 жасар Татьяна Горбач – фитнес-жаттықтырушы. Соған қарамастан  колледжді астық технологы мамандығы бойынша оқып бітірген. Ол дәл осы кәсіпті таңдаса жұмыссыз қалмаймын деп ойлаған еді. Алайда, Татьяна өз мамандығы бойынша бір күн де жұмыс істеп көрмепті.
        -Қазір барлық жұмыс беруші тарап ең бірінші еңбек өтіліңе қарайды. Егер оқуды енді бітіріп жатсақ, оны қайдан аламыз?! Сондықтан, мен өзімнің көңіліме жағатын кәсіпті таптым. Бірақ, елуге келгенше мен жаттықтырушы болып жүре бермеймін ғой. Мен өз бетімше жұмыс істегім келеді. Ойымда көптеген тың идеялар бар, соларды іске асыруды қалаймын. Бірде аялдамада тұрсам, көзім «Бастау» жобасы туралы жарнамаға түсті. Ұзақ ойласқаным жоқ. Қазір еш өкінбеймін, -дейді Татьяна.
      Оқыту шарты бойынша Татьянаның бизнес-идеялары сәйкес келеді. Ол өзінің финалға дейін жететіндігіне сенімді.
      Тағы бір қостанайлық – Медет Сералин жиырма сегізге толғанша көп мекемеде жұмыс істепті. Бірақ, бірде бірі қолайына жақпаған. Медет біраздан бері өзінің жеке кәсібін ашқысы келетін, оған тәуекелі жететіндігін сезген. Осылайша, ол «Бастау» курсына жазылды.
      -Мамандығым бойынша мен заңгермін. Бірақ, оның жалақысы аз. Сондықтан, бизнеспен айналысып көруге бел будым. Қолымнан келсе, неге бас тартуым керек, – дейді өзі.
      Кәсіпкер болғысы келетіндерді үйретіп, олардың ойын дамыту – бизнес-жаттықтырушы Алексей Ерохиннің басты міндеті. Алексейдің өзі өткен жылы осы «Бастау» жобасы бойынша дәріс алған. Оның көптеген шәкірті қазір кәсіпкерлікпен айналысып жүр.
      -Белгілі бір адамның кәсіпкерлік қабілетін қалай білуге болады? Ол өте өарапайым. Егер кісі ақшасын жинай білсе, одан болашақта жақсы кәсіпкер шығуы әбден мүмкін. Ал керісінше жағдайда, қанша үйретсең де еш нәтиже шықпауы мүмкін, – дейді Алексей Ерохин.
      Мұқтаж жандардың қолына балық емес, қармақ ұстату-оның жаттықтырушылық ұстанымы. Қармақ оның қолында міңгі қалады. Кәсіпкерлікке үйретудің бар сыры осында.
      Жобаға қатысушылар күн сайын мемлекеттік органдармен жұмыс істеу, бизнес-жоспарды сауатты толтыру, түрлі мүмкіндіктер мен нұсқаларды қарастыру сияқты жаңашыл талаптарды оқып, үйренеді. «Мұндағы оқып жатқандардың көбісінде белгілі бір деңгейді тәжірбие бар. Менің міндетім, олардың қателікке мейлінше бой алдырмауын қадағалау. Болашақ кәсіп иелерінің өз мүмкіндіктерін саралап, сыртқы факторлармен санасуға үйрету, – дейді бизнес-жаттықтырушы.
       Мұнда келушілер 25 күн оқиды. Бұл уақыт аралығында оларға шәкіртақы төленеді. Ал курсты аяқтасымен сертификат табысталады.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓